Файтер жанкүйерлердің өзімен бірге қиналғанын атап өтті
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев 2025 жылы наурыз айында алғаш рет жеңіліп, португалдық Манел Капеге есе жіберген еді. Спортшы осы жеңілісіне қатысты жанкүйерлерінің реакциясы туралы айтып берді.
«Тас түскен жеріне ауыр. Бәрібір жеңілістен гөрі жеңістің дәмі тәтті. Енді оны мойындау керек. Жеңілісті көтере білу, оны алып жүру өте қиын. Соңғы екі жекпе-жектің алдындағы жарыста жеңіліп қалдым. Мен үшін де ауыр болды, жанкүйерлерім үшін де ауыр болды. Олар қатты қабылдап, қызу талқылады», – деді Алмабаев TalkLike бағдарламасында.
Ол өзін ұзақ уақытқа дейін жеңіліссіз алып келгенін, алайда бір сәтсіздік көп талқыға түскенін жасырмады:
«Оған дейін 22 жекпе-жекте жеңген болсам, бір жеңілісте қатты талқыға түстім. Бір жағынан қара пиар болған шығар. Бірақ неге бұлай болды, неге жеңілдім, халық неге ауыр қабылдады деген сұрақтарға анализ жасадым. Демек, халық мені сол жеңіске лайық көріп, мені жақсы көрген. Сол жекпе-жекте менің жеңгенімді шын жүректен қалады», – деді файтер.
Асу Алмабаев жанкүйерлердің өзімен бірге қиналғанын түсінгенін айтты:
«Жеңілгеннен кейін өздері жеңілгендей күй кешіп, «Неге бұлай болды? Неге дұрыс жаттықпадың? Саған дайындық жетіспеді» деген талқылау көбейді. Ал мен басында «Сонда сонша жеңіп, бір жеңілгенде неге сонша түсіріп жіберді?» деп ойладым. Бірақ сыртынан салқынқандылық танытып ойлансаң, барлық дүниеден жақсы ойды шығарып алу керек. Сонда күйзеліске түспейсің», – деп түйіндеді ол.