Ол рейтингке енбеген.
UFC жарақат алып қалған қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың орнына жаңа спортшыны бекітті. Алмабаевтың орнына октагонға Англия өкілі Лонир Кавана шығады. Бұл туралы журналист Эл Зулино хабарлады.
Лонир Кавана – 26 жаста. Оның аралас жекпе-жектегі көрсеткіші – 9 жеңіс, 1 жеңіліс, ал UFC-дегі рекорды – 2-1. Соңғы жекпе-жегінде ағылшын спортшысы америкалық Чарльз Джонсоннан нокаутпен ұтылып, кәсіби мансабында алғаш рет жеңіліс тапты. Бұған дейін Кавана 14 наурызда бразилиялық Бруно Сильвамен айқасуы тиіс болған.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек Брэндон Морено үшін де ерекше болмақ. Мексикалық экс-чемпион 2019 жылдан бері алғаш рет рейтингке енбеген спортшымен күш сынасады.
Ал Асу Алмабаев жекпе-жектен шет қалуына байланысты әлеуметтік желіде түсініктеме беріп, кездесуден бас тарту оның спорттық ұстанымына мүлде сай келмейтінін айтты.
«Жағдай осылай болып тұр – аяқ астынан жарақат алып қалдық. Ұшуға екі күн қалғанда болды. Жарақат айтып келмейді. Мен ешқашан жекпе-жектен қашқан емеспін. Қарсылас кім болса да, қандай жағдай болмасын, дайындық әрдайым жоғары деңгейде өтті. Болар іс болды, енді қанша қиналсаң да, жағдайды өзгерту мүмкін емес», – деді Алмабаев.
UFC Mexico турнирі Қазақстан уақытымен 1 наурызға қараған түні өтеді.