Ол бапкерімен бірге жаттығу жасап жүр.
Қазақстандық ММА жауынгері Асу Алмабаев әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялап, жаттығу залына қайта оралғанын көрсетті.
UFC-дің ең жеңіл салмақ дәрежесінде сегізінші орында тұрған файтер Instagram парақшасында жаттығу жасап жатқан сәттерінен видео бөлісті. Ауыр жарақаттан кейін Алмабаев бапкері Эдуард Базровпен бірге дайындыққа кіріскен. Бейнекадрлардан спортшының қолына арнайы корсет киіп алғанын көруге болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алмабаев UFC-дің бұрынғы чемпионы мексикалық Брэндон Мореноға қарсы жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болған еді. Айқас 28 ақпанда Мехикода өтетін UFC Fight Night 268 турнирі аясында жоспарланған. Кейінірек Эдуард Базров қазақстандық спортшының спарринг барысында қолын сындырып алғанын мәлімдеді.