Оролбайдың қатарынан үш жеңістен тұратын сериясы үзілді
Қырғызстандық ММА файтері Мықтыбек Оролбай UFC 330 турнирінде америкалық Джеремайя Уэллске есе жіберді.
Филадельфияда өткен жекпе-жек жартылай орта салмақта өтті. Үш раундқа жоспарланған кездесудің тағдыры соңғы раундта шешілді. Оролбай қарсыласын тейкдаун арқылы құлатуға әрекет жасаған сәтте, Уэллс қарсы қимыл жасап, тұншықтыру әдісін орындады. Төреші жекпе-жекті тоқтатып, америкалық спортшының жеңісін тіркеді.
Осылайша, Оролбайдың қатарынан үш жеңістен тұратын сериясы үзілді. Сонымен қатар бұл оның кәсіпқой мансабындағы мерзімінен бұрын тіркелген алғашқы жеңілісі болды.
28 жастағы қырғызстандық файтердің рекорды – 16 жеңіс, 3 жеңіліс және 1 тең нәтиже.
Ал 39 жастағы Уэллс UFC-дегі жеңіс сериясын екі жекпе-жекке жеткізді. Оның кәсіби рекорды – 14 жеңіс, 4 жеңіліс және 1 тең нәтиже.