UFC аңызы Ислам Махачевтің мансабы аяқталуға жақын екенін мәлімдеді
UFC Даңқ залының мүшесі, UFC және ONE Championship ұйымдарының бұрынғы чемпионы Деметриус Джонсон Ислам Махачевтің болашағына қатысты пікір білдіріп, ресейлік файтердің денсаулығына артық қауіп төндірмеу керегін айтты.
Джонсонның пікірінше, Махачев мансабының соңғы кезеңіне жақындап қалды. Ол Исламға октагонда тағы бір немесе екі жекпе-жек өткізіп, содан кейін кәсіби спорттан кетуді ойлаған жөн деп есептейді.
«Егер Ислам тағы екі немесе тіпті бір жекпе-жек өткізсе, оған тоқтайтын уақыт келеді. Осымен жеткілікті, енді басқа жігіттердің кезегі. Хабибке қараңыздар: ол әлі де жекпе-жек өткізе алар еді, бірақ қазір командасының жанында жүріп, сол күйзеліс пен толқуды сезінеді. Оның бір бөлігі әлі де октагонда қалғандай», — деді Джонсон.
АҚШ файтері Махачевтің спорттан кеткеннен кейін де командасымен бірге қалып, жас спортшыларға көмектесе алатынын атап өтті.
«Оларда Усман, Умар және өсіп келе жатқан басқа да жігіттер бар. Ислам олармен байланысын үзбей, қолдау көрсете алады. Ең бастысы — оған бұдан әрі өз денесін соншалықты қатерге тігудің қажеті болмайды», — деп қосты ол.
Осылайша, Джонсон ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейде өнер көрсету мен ауыр жекпе-жектер спортшының ағзасына түсіретін салмақты ескеріп, мансабын дер кезінде аяқтау маңызды екенін меңзеді.
Айта кетейік, UFC 330 турнирінде Ислам Махачев жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін сәтті қорғап, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.