Топурия Гейджидің қолғабын мұқият тексертетінін атап өтті
UFC-дің жеңіл және жартылай жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Илия Топурия Джастин Гейджиден жеңілгеннен кейінгі оңалту кезеңін аяқтағанын мәлімдеді.
Топурия барлық медициналық тексеруден сәтті өтіп, жекпе-жектерге қайта дайын екенін айтты. Сондай-ақ өзін сынағандарға жауап беріп, келесі қарсыластарын жекпе-жекке шақырды.
«Соңғы медициналық тексерулерден өттім. Мен оралдым. Осы уақыт бойы мені есептен шығарып, бос сөз айтқандардың бәріне айтарым: мен осындамын. Енді кімнің батылы жететінін көреміз. Қолдау білдірген барша жанға рақмет», — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Сонымен бірге Топурия Гейджимен өтетін ықтимал қарымта кездесуде қарсыласының қолғабын мұқият тексертетінін мәлімдеді.
«Келесі жолы Джастиннің қолғабын тексеріп, оған күмәнді зат жағылмағанына көз жеткіземін. Жақында кездесеміз», — деді спортшы.
Алайда Топурия қолғабында қандай зат болуы мүмкін екенін нақтыламады және сөзіне ешқандай дәлел келтірмеді.
Топурия соңғы жекпе-жегін маусымда Вашингтондағы Ақ үй аумағында өткен UFC Freedom 250 турнирінде Джастин Гейджиге қарсы өткізді. Төртінші раундтан кейін оның командасы кездесуді жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде Гейджи техникалық нокаутпен жеңіп, UFC-дің жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін иеленді.
Бұл Топурияның кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісі болды. Оның еншісінде 17 жеңіс пен бір жеңіліс бар. UFC жаңартқан рейтингте ол жеңіл салмақтағы басты үміткерлер арасында бірінші орында тұр.