Царукян мен Дэнис баспасөз мәслихатында төбелесіп, жанжал жаппай қақтығысқа ұласты
Ресейлік жеңіл салмақтағы ММА жауынгері Арман Царукян мен америкалық Диллон Дэнис RAF 14 турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында төбелесіп қалды. Оқиға АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында болды.
Жанжалға Дэнистің Хамзат Чимаевқа қатысты арандатуы себеп болған. Америкалық спортшы үстіне «Хамзат – менің ...» деген жазуы және сақалсыз Чимаевтың суреті бар жейде киіп келген.
Бұған ашуланған Царукян орнынан тұрып, Дэниске тап берді. Күзетшілер екеуін ажыратқанымен, артынша жанжал жаппай төбелеске ұласып, оған ондаған адам араласты.
Бұған дейінгі қақтығысқа қатысты Хамзат Чимаев та пікір білдіріп, Дэнисті сынға алды.
«Ол үнемі сандырақтап сөйлейді, бірақ ештеңе істемейді. Оның бірде-бір жекпе-жекте жеңіске жеткенін көрмеппін. Мұнда бұл ақымақты не үшін әкелгенін түсінбеймін. Айналамда күзет көп болғандықтан ғана ол өзін осылай ұстайды. Жалғыз қалса, ештеңе айта алмайды», – деді Чимаев.
Айта кетейік, маусым айында RAF 10 турнирінде Чимаев пен Дэнис күрес белдесуінде кездескен. Сол кезде Хамзат қарсыласының ережеге қайшы әдіс қолдануына байланысты дисквалификация арқылы жеңіске жеткен. Белдесу тоқтағаннан кейін Чимаев қарсыласын теуіп, екі жақтың өкілдері арасында жаппай төбелес болған.
Арман Царукян мен Диллон Дэнистің жекпе-жегі 24 қазанда Лас-Вегаста өтетін RAF 14 турнирінің басты оқиғасы ретінде жарияланған.