Шавкат Рахмоновтың жарақатынан кейін ММА ережесін өзгерту ұсынылды

Стивен Томпсон Шавкат Рахмоновтың жарақатына себеп болуы мүмкін соққыға тыйым салуды ұсынды

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

UFC-дің жартылай орта салмақтағы бұрынғы титулға үміткері, америкалық Стивен Томпсон аралас жекпе-жекте тізеге бағытталған соққыға тыйым салуды ұсынды. Оның пікірінше, дәл осы әдіс қазақстандық Шавкат Рахмоновтың тізесін ауыр жарақаттап, ұзақ уақыт октагоннан тыс қалуына себеп болуы мүмкін.

Томпсон қазіргі ережелер бойынша рұқсат етілген бұл соққының қауіптілігін спорттық комиссиялар арнайы талқылауы керек деп санайды. Оның айтуынша, мұндай әдіс спортшылардың мансабына қауіп төндіреді.

«Меніңше, Шавкаттың тізесін жарақаттаған да – осы соққы. Бұл әдіс спортшылардың мансабын құртуы мүмкін. Өзім де мұндай соққыларды қабылдағанмын. Сол кезде-ақ: “Бұған тыйым салыңдар, өйткені ол спортшының мансабын аяқтауы мүмкін”, – деп ойладым.

Қазір де бұл соққы қолданылады және ереже бойынша оған рұқсат берілген. Біз бастапқы ұстанымға қайта оралуымыз керек: “Біз жеңіске жеткіміз келеді, бірақ қарсыласымыздың мансабын аяқтағымыз келмейді”. Мұның қауіпті тұсы бар.

Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайына қараңыздар. Ол Иэн Гэрримен соңғы рет жұдырықтасқалы бері әлі де сол жекпе-жектің салдарымен күресіп жүр. АҚШ штаттарының атлетикалық комиссиялары бұл мәселені талқылауы керек. Әйтпесе, мұндай соққыларды қолданатындар көбейіп, жарақат салдарынан мансабын аяқтайтын немесе бірнеше жыл бойы жарысқа қатыса алмайтын спортшылар саны артуы мүмкін», – деді Томпсон MMASucka басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов кәсіби мансабында әлі жеңіліп көрген жоқ. Оның рекорды – 19 жеңіс, 0 жеңіліс. Қазақстандық файтер соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы желтоқсанда өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген еді. Сол кездесуде Гэрри қарсыласының тірек аяғына бірнеше рет тізеге бағытталған соққы жасаған болатын.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам