Спортшыға Усман Нурмагомедов пен оның жанындағы адамдар артынан келіп шабуыл жасаған
UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили Абу-Дабиде болған жаппай төбелеске қатысқан 21 жастағы досының жағдайы туралы мәлімдеді.
Грузиялық файтердің айтуынша, оның отандасы Усман және Умар Нурмагомедовтермен, сондай-ақ жанжалға араласқан өзге адамдармен де төбелескен.
«Ол екі ағайындымен де – Усманмен және Умармен айқасты. Кейін басқа жігіттермен де төбелесті. Қазір бәрі жақсы», – деді Двалишвили.
Оның сөзінше, жас балуанның тек беті аздап жарақаттанған. Ауыр жарақат немесе ауруханаға жатқызу қажеттілігі туралы айтылған жоқ.
Оқиға 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінің холында болған. Двалишвилидің мәлімдеуінше, ол RAF күрес ұйымының турнирі қарсаңында сұхбат беріп тұрған кезде, Усман Нурмагомедов пен оның жанындағы адамдар артынан келіп шабуыл жасаған.
Грузиялық спортшы күзетшілер жанжалды тоқтатуға тырысқан сәтте де қарсы тараптың соққы жасағанын айтқан. Кейін әлеуметтік желіде төбелестің видеосы тарады. Алайда кадрлардан оқиғаға қатысушылардың барлығын нақты анықтау мүмкін емес.
Айта кетейік, 14 қарашада Двалишвили Абу-Дабиде өтетін RAF турнирінде UFC-дің бұрынғы жауынгері Марлон Мораеспен белдеседі.