Асу Алмабаев – Кёдзи Хоригути: UFC сарапшысы кім жеңетінін айтты

Кездесу 21 қарашада UFC Qatar турнирінде өтеді

sports.kz
sports.kz

MMAMania.com сайты UFC-дің аса жеңіл салмақтағы қазақстандық файтері Асу Алмабаев пен жапониялық Кёдзи Хоригути арасындағы жекпе-жекке болжам жасады. Кездесу 21 қарашада UFC Qatar турнирінде өтеді.

Басылым авторы Эндрю Ричардсон алдағы айқаста Хоригутидің мүмкіндігін жоғары бағалап, оның төрешілер шешімімен жеңіске жететінін болжаған.

«Хоригутидің соққыға төзімділігі біртіндеп төмендеп келе жатқаны бұл жекпе-жекке болжам жасауды қиындатады. Соған қарамастан, оның жеңіске жету мүмкіндігін жоғары бағалаймын. Жапониялық файтердің аяқпен бағытталған соққылары маңызды рөл атқарады деп ойлаймын.

Әдетте қарсыластары Алмабаевты партерге түсіріп алу қаупінен қорқып, аяқпен соққы жасауға аса құлықты емес. Алайда Хоригути мұндай шабуылдарды жақсы дайындайды әрі қарсыластың тейкдаун жасауына шебер тойтарыс береді. Ол қарсыласының айналып тебетін соққыларынан жалтарып, алдыңғы аяғына шабуыл жасау арқылы қажетті қашықтықты сақтап, Алмабаевтың қарқынын бәсеңдетуге тырысады.

Хоригутидің тағы бір артықшылығы – өзі де қарсыласын партерге түсіре алады. Егер Алмабаев тік тұрып жұдырықтасуда қысымды күшейтсе, жапониялық файтер оны жерге түсіріп, тактикасын өзгертуге мәжбүрлей алады.

Болжамым: Хоригути төрешілер шешімімен жеңіске жетеді», – деп жазды Эндрю Ричардсон.

Қазіргі таңда Асу Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақтағы рейтингінде алтыншы орында тұр. Ал Кёдзи Хоригути жетінші сатыға жайғасқан. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы чемпиондық белбеу үшін таласқа қосылуы мүмкін.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам