UFC Fight Night турнирі Астана уақытымен 21 қарашада сағат 20:00-де басталады
21 қарашада Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night турнирінде Қазақстанның екі өкілі октагонға шығады. Асу Алмабаев жапониялық Кедзи Хоригутимен күш сынасса, Дияр Нұрғожай америкалық Алик Лоренцке қарсы жекпе-жек өткізеді.
Кештің қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен басты айқасы – Асу Алмабаев пен Кедзи Хоригути арасындағы кездесу. UFC-дің аса жеңіл салмақтағы рейтингінде жетінші орында тұрған Алмабаев бұл жолы өзінен екі саты жоғары орналасқан қарсыласымен жұдырықтасады. Жапониялық файтер рейтингтің бесінші сатысында тұр. Ол бұған дейін UFC-де чемпиондық белбеу үшін таласып, Bellator және Rizin ұйымдарында да чемпион атанған.
Асу Алмабаевтың кәсіби рекорды – 24 жеңіс, 3 жеңіліс. UFC-дегі сегіз жекпе-жегінің жетеуінде жеңіске жеткен қазақстандық спортшы соңғы үш кездесуінде қатарынан басым түсті. Енді Хоригутиді жеңу арқылы ол рейтингтегі жағдайын жақсартып қана қоймай, чемпиондық белбеуге үміткерлер қатарына жақындай алады.
Ал Дияр Нұрғожай үшін алдағы жекпе-жек UFC-дегі жеңісті сериясын жалғастыру тұрғысынан маңызды. Қазақстандық файтер промоушендегі алғашқы екі кездесуінде жеңіліс тапқанымен, кейін қатарынан екі жеңіске қол жеткізді. Биыл наурызда Рафаэл Тобиасты төрешілер шешімімен ұтса, тамыз айында Бруно Лопесті бірінші раундта нокаутқа түсірді. Қазіргі таңда оның кәсіби рекорды – 12 жеңіс, 2 жеңіліс.
Нұрғожайдың бұл жолғы қарсыласы – америкалық Алик Лоренц. Қазақстандық спортшы үшін бұл айқас жеңісті сериясын ұзартып, UFC-дегі позициясын нығайтудың кезекті мүмкіндігі болмақ.
UFC Fight Night турнирі Астана уақытымен 21 қарашада сағат 20:00-де басталады. Негізгі кардтағы жекпе-жектер сағат 23:00-ге жоспарланған.