27 жастағы Алиев 20 қараша күні Парижде өткен ARES 45 турнирінен кейін ұсталған
Ресейлік ММА жауынгері Амир Алиев Парижде зорлау дерегі бойынша күдікке ілініп, полицияға жеткізілді.
Le Parisien және Actu басылымдарының хабарлауынша, 27 жастағы Алиев 20 қараша күні Парижде өткен ARES 45 турнирінен кейін ұсталған. Ол осы жарыста бразилиялық Матеус Малтадан төрешілер шешімімен басым түскен еді.
Спортшыға бірнеше күн бұрын Монтрей қаласында болған оқиғаға қатысы бар деген күдік келтірілген. Bobigny прокуратурасы 22 қараша күні түстен кейін Алиевтің әлі де полиция бақылауында болғанын растаған.
Кейін Амир Алиев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында босатылғанын айтты. Оның сөзінше, полиция айыптаудың негізсіз екенін мойындап, қателік болғанын түсіндірген.
«Бұл – жалған ақпарат. Менің мұндай әрекетке баруым мүмкін емес. Мені босатты. Франция полициясы қателік кеткенін және маған айып тағуға ешқандай негіз жоқ екенін мойындады», – деді спортшы.
Алиевтің айтуынша, мұндай жағдайға сөзге келіп қалған адамның жала жабуы әсер еткен. Кейін сол адам оған қарсы жалған айып таққан. Спортшының сөзінше, осы арыздың негізінде оның менеджері мен тағы бірнеше адам да ұсталған.
Амир Алиев Грозный қаласында дүниеге келген. Кәсіби ММА-дегі көрсеткіші – 13 жеңіс, 2 жеңіліс.