Құлсары қаласын толық су шайып, 12 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді
Аралас жекпе-жектен отандық шебер Шавкат Рахмонов қазақстандықтарды еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек көрсетуге шақырды.
Айта кетейік, бүгінде еліміздің он өңірінде қызыл су үйлерді шайып, төтенше жағдай орын алды. Қырылған мал саны көп, шығынды құзырлы мекемелер апаттан кейін санайтын болады.
Атырау облысындағы Құлсары қаласы түгел суға кеткен. Елдімекеннің 12 мың халқы қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқын су Ақтөбе, БҚО, Қостанай облыстарында да халықты айтарлықтай әбігерге салып қойды.
«Апат айтып келмейді. Көптеген ауыл-аймақты су басып қалды. Үлкендеріміз мұндай апаттың бұрын-соңды болмағанын айтып жатыр. Әскерилер, құтқарушылар мен еріктілер зардап шеккендерге көмектесуге жұмылдырылды. Олар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Осындай қиын сәтте бәріміз бір болайық, зардап шеккендерге көмектесейік», - деді даңқты спортшы өзінің Instagram-парақшасында.
Айта кетейік, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер тобы құрылып, тасқыннан зардап шеккендерге қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Ал, өзге елдерден тек Қырғызстан ғана гуманитарлық көмек жіберді.