Оның аяғы сынып, жүре алмай қалған
Аралас жекпе-жектен UFC лигасында өнер көрсететін санаулы қазақтың бірі Азат Мақсұм 3 тамызда БАӘ астанасы Абу-Дабидегі турнирде төбелеспейтін болды. Бұл туралы файтердің менеджері Нұрадин Садықов өзінің Instagram-парақшасында мәлімдеген.
Айта кетейік, жеңіл салмақта өнер көрсететін Азат аталған турнирде америкалық Си Джей Вергарамен октагонға шығуы керек болған. Алайда, күні кеше Вергараның жарақат алғаны және жекпе-жекке шықпайтыны хабарланды. Ұйымдастырушылар оның орнына бразилиялық файтерді тауып берген еді. Бірақ, енді қазақ спортшысының денсаулығы сып беріп отыр.
«Бүгін түсте Азат асықты жілік шыбығын сындырып алғаны туралы хабар келді. Дәрігерлердің қорытындысын қарадық, рентгенді көрдік. Жарысқа шықпақ түгілі, жүруі мұң боп тұр. Сондықтан, амалсыздан бұл жарыстан шығуға тура келеді», - деді Н.Садықов.
Азат Мақсым соңғы жекпе-жегін биыл ақпанда америкалық Чарльз Джонсонға қарсы өткізіп, жеңіліп қалған болатын. Бұл оның аралас жекпе-жектегі алғашқы жеңілісі.