Оның чемпиондық белбеуі жуырда қазақ файтері Шавкат Рахмоновқа өтуі мүмкін
UFC лигасында жартылай орта салмақта әлем чемпионы Белал Мухаммад (24-3) дағыстандық әйгілі файтер Хабиб Нурмагомедовпен жаттықан кезін есіне алды.
Белал Мухаммад чемпиондық титулына биыл қол жеткізген болатын. 27 шілдеде ол британдық Леон Эдвардсты жеңіп, оның белбеуін тартып алды. Енді осы атақты қорғау үшін не Шавкат Рахмоновпен, не Камару Усманмен төбелесуі мүмкін.
«Хабибпен бірге жаттыққан кезде біз кейде жеңіл спарринг өткізіп, кейде жойқын күрес ұйымдастыратынбыз. Сен Хабибке қарсы күрескенде оны күрес деп атаудың қажеті жоқ, бұл нағыз адамды қорлау болатын. Ол жаттығуда да кез-келген қарсыласын жермен-жексен ететін.
Есімде, ол мені жерге құлатып ауырту әдісін жасады да, менің үстімде жатып кофеге тапсырыс берді. Өте ауыр сезім. Бірақ, бір жағынан мұның да пайдасы тиді, мен өзімді қайрап, тек алға қарай ұмтыла бастадым. Екінші жағынан, Хабиб мені жерге құлатып, білгенін істеп жатқанда біраз адам куә болды. Олар кейін ойлаған шығар, мынау қалай чемпион болды деп…
Хабибпен жаттығу істеу үшін алдын ала дайындалу қажет. Егер қазір менің агентім «бір айдан кейін Хабиб бірге жаттығу жасауға келеді» десе, мен қазір орнымнан тұрып жаттығуға кірісемін. Хабибтің командасында жұмсақ болуға болмайды», - деді Белал Мухаммад Деметриус Джонсонға берген сұхбатында.
Хабиб Нурмагомедов UFC-дің экс чемпионы. Ол 29 жекпе-жек өткізіп, бірде бірінде жеңілмеген.