Қазақ файтерін жекпе-жекке шақырып жатқандар көп
Қазақстандық танымал файтер Шавкат Рахмоновтың желтоқсан айында болатын жекпе-жегіне әлі нақты қарсылас табылған жоқ. БАҚ өкілдері нигериялық Камару Усманның кандидатурасын жазып жүргенімен, онымен контракт әлі жасалмаған деп жазады Вестник MMA.
«Жекпе-жек өткізу мәселесі расымен де қаралып жатыр. Бірақ, нақты келісімшарт жасалған жоқ, тараптар қол қойған жоқ. Сондықтан, кез келген уақытта шешім өзгеріп кетуі мүмкін. Ең болмаса бір тараптың мақұлдағанын күтеміз. Қазіргі статус: келіссөз жүріп жатыр», - делінген аталған хабарламада.
Айта кетейік, 7 желтоқсанда Лас-Вегастағы UFC 310 турнирінде Шавкат Рахмонов әлем чемпионы Белал Мухаммадпен төбелесуі керек болған. Алайда, америкалық файтер ауыр жарақат алғанын айтып, бұл жекпе-жекті кейінге шегерді. Осыған байланысты UFC Шавкаттың командасына басқа қарсылас табуды ұсынып, сарапқа әлемнің уақытша чемпионы атағын салатынын мәлімдеді.