Қазақстан Азиаданы 84 медальмен аяқтап, 8-орын алды

Ел қоржынында - 12 алтын, 24 күміс, 48 қола

Дзюдо федерациясы
Дзюдо федерациясы

Қазақстан құрамасы Аичи–Нагояда өткен XX жазғы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Ұлттық құрама қоржынында 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде бар. Бұл нәтиже Қазақстанға жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алуға мүмкіндік берді.

Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан бесінші нәтиже көрсетті. Қола жүлде саны жөнінен төртінші, күміс медаль бойынша алтыншы орынға жайғасты. Медаль кестесінде Қытай бірінші орын алса, Жапония екінші, Оңтүстік Корея үшінші орынға тұрақтады. Өзбекстан бесінші сатыда тұр.

Қазақстан үшін бұл алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда ілгерілеу болды. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада ұлттық құрама 80 медальмен 11-орын алған еді. Ал Жапониядағы ойындарда Қазақстан үш саты жоғары көтеріліп, медаль санын да арттырды.

Боксшылар 12 жылдан кейін Азиада алтынына қол жеткізді

Қазақстан құрамасының басты жетістіктерінің бірі — бокстағы алтын медальдар. Ұлттық құрама Азиада алтынын 12 жылдық үзілістен кейін қайта жеңіп алды.

70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан чемпион атанса, 90 келіден жоғары салмақта Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай топ жарды. Осылайша қазақстандық боксшылар Жапониядағы Азиадада екі алтын медаль иеленді.

Семсерлесу мен академиялық есу: тарихи алтындар

Қазақстан ерлер құрамасы саппен семсерлесуден Азиада тарихындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Финалда қазақстандықтар Оңтүстік Корея құрамасын 43:42 есебімен жеңді.

Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин де Қазақстанға Азия ойындарындағы осы спорт түрінен алғашқы алтынды сыйлады. Олар ерлер арасындағы қос ескекті қайық жарысында жеңіске жетті.

Таеквондодағы тарихи жетістік

Таеквондодан Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта чемпион атанып, Қазақстан тарихындағы осы спорт түрінен Азиаданың тұңғыш алтынын жеңіп алды.

Луценко Азиададағы алтын саны бойынша рекорд орнатты

Велошабандоз Алексей Луценко Азиададағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, Қазақстан спортшылары арасында Азия ойындарындағы алтын жүлде саны бойынша рекорд орнатты.

Ал Рината Сұлтанова жекелей сында топ жарып, Қазақстан әйелдер велоспорты тарихында Азия ойындарының алтынын жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.

Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева да чемпион атанды. Берульцева үшін бұл Азия ойындарындағы екінші алтын медаль болды.

Аралас жекпе-жекте Қазақстан бірден екі алтын алды

Азиада бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жектен Қазақстан құрамасы бірден екі алтын медаль жеңіп алды. Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанса, Санжар Әділов қола жүлдеге ие болды.

Дзюдошылар бес рет финалға шықты

Дзюдодан Қазақстан құрамасы жекелей сында төрт финалға жолдама алды. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс медаль иеленді.

Сонымен қатар Қазақстан аралас командалық жарыста да финалға шығып, күміс жүлдегер атанды. Осылайша ұлттық құрама Азиадада дзюдодан бес финал өткізді.

Гимнастика мен күресте де нәтиже жақсарды

Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстанның осы бағдарлама бойынша 32 жылдан кейінгі Азия ойындарындағы жүлдесі болды.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы үш қола медаль иеленді. Ал 2023 жылғы Ханчжоу Азиадасында қазақстандық балуандар бұл спорт түрінен жүлдесіз қалған еді.

Әйелдер күресінде де нәтиже өсті. Қазақстандық балуандар бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Ханчжоуда ұлттық құрама бұл спорт түрінен бір ғана күміс жүлде иеленген болатын.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Аичи–Нагоядағы Азия ойындарын 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. Ұлттық құрама Ханчжоудағы нәтижесін жақсартып, бірқатар спорт түрінен Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальдарға қол жеткізді.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам