Алтын медальді Өзбекстан өкілі Тахмина Икромова 112,950 ұпаймен жеңіп алды
Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында көркем гимнастикадан жеке көпсайыстың жүлдегерлері анықталды. Қазақстан атынан сынға түскен Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы үздік бестікке енді.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева төрт жаттығу қорытындысы бойынша 108,000 ұпай жинап, төртінші орынға тұрақтады. Ал Айбота Ертайқызы 106,200 ұпаймен бесінші орын алды.
Жарыстың финалдық кезеңіне іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 10 гимнаст қатысты.
Алтын медальді Өзбекстан өкілі Тахмина Икромова 112,950 ұпаймен жеңіп алды. Қытайлық Цзи Ван 110,050 ұпаймен күміс, оның отандасы Цилу Ван 109,200 ұпаймен қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Қазақстанның екі гимнастшысы да Азиаданың жеке көпсайысында үздік бестік қатарынан көрінді.
Бүгін Астана уақытымен сағат 15:00-де көркем гимнастикадан топтық жаттығулар бойынша жүлдегерлер анықталады.