Криштиану. Ұлы финишер карьерасына дұрыс нүкте қоя алмады

Криштиану сынды ұлы футболшының әдемі қоштаса алмауы – фиаско

Getty Images
Getty Images

Криштиану Роналду: Рекордтар. Ұлылық. Шалқар шабыт һәм сарқылмайтын мотивация. Асқақ амбиция. Ең байлық. Бай карьера. Жанкештілік. Сұлу сымбат – адуынды атлет.

Криштиану спорт әлемінде атлет стандартын жаңа бір сатыға көтерген супер профессионал. Кез келген еркек 41 жасында Криштиану сияқты сымбатты болғысы келеді. Бірақ ешбір ұлы спортшы карьерасына Криштиану сияқты «нүкте» қойғысы келмейді. Шындықты қабылдай алмау, шау тартқан шағында сәтсіз демаршқа жиі жол беру, асқақ амбициясын сау ақылға көндіре алмау, Мундиаль деген бағынбаған асудың «ашуын» өзгелерден алу, өткенін міндет қылып – бүгінін қабылдай алмау...

Уақытында тоқтау – өнер. Соңғы аккордты соза беру де әннің құтын қашырады. 20 жыл көптің көзайымына айналған Ұлы тұлға карьерасының соңында жұрттың табасына қалып жатыр. Оның себебі де жоқ емес.


Getty Images

Криштиану үнемі алдына зор мақсат қоятын футболшы. Мақсатының басым бөлігі орындалды. Мундиаль арман болып қалды, бірақ карьерасында 1000 гол салу межесіне тым аз қалды. Ұлттық құрамадағы голдар саны бойынша рекордсмен, Чемпиондар лигасындағы голдар саны бойынша рекордсмен, ең ұлы клубтың (Реал) үздік сұрмергені. Бақытты футболшы!

Нарцисс. Бұл мінезі Криштиануды жылдар бойы тек өрге сүйрегенімен, қазір орға жығуы әбден мүмкін. Криштиану сынды ұлы футболшының әдемі қоштаса алмауы – фиаско. Өкінішті.


Getty Images

Қазір Португалия құрамы талантқа толы. Криштиануды бәрі құрметтейді, бірақ оның дәуірі біткенін ешбірі бетіне басып айта алмайды. Бала күнінде бәріне айдол болған Криштиану қазір командаластары алдында қадірі қашқанын қабылдай алмай отыр. 

Рас, Португалия құрамасы Криштиануға дейін мардымды ештеңе жеңбеген. Эйсебио да, Фигу да ұлттық құрамасына Еуропа мен Әлем кубогын тарту ете алмаған. Роналду бұл жағынан олжалы: Еуропа чемпионы, екі дүркін Ұлттар лигасының жеңімпазы. Еуропа чемпионаты мен Әлем чемпионатының әрқайсында 6 цикл өнер көрсетті.

Криштианудың өз жолы бар. Амбициясына сай құрған өз ережесі бар. Оған құрметпен қарау керек. Бірақ карьерасының соңы аянышты. Португалия «кет» деп ашық айтпаса да, іс-әрекетімен «есік ашық» деп отыр. Криштиану оған лайық емес. Алайда, уақытында қош айтыспай, ұлттық құраманың өз бетінше прогресс жасауына бөгет болып отырғаны да дұрыс емес. Қоштасатын уақыт әлдеқашан келіп қойды. 


Жорже Жезуш және Криштиану Роналду / Getty Images

Не үшін  «ұлттық құраманың өз бетінше прогресс жасауына бөгет болып отырғаны» деп ашып айттық. Өйткені, Криштиану команданы айналасына біріктіре алмады. Лидер болудан қалды. Команданың ойыны жүрмесе долданып, шыж-быж болғаннан басқа әрекетке бара алмайды. Дирижер емес. Допты күтеді. Прессингке ара-тұра ғана араласады. Тек өзі гол салса ғана балаша қуанады. Атмосфера. Өзімшілдігі, менмендігі жалындаған жас күнінде өзіне жарасып-ақ тұратын. Қазір керісінше. 

Пенальти мен айып добын үнемі өз мойнына алады. Бруно Фернандеш, Витинья командада Криштиану болғандықтан потенциалын толық аша алмай келеді. 

Криштианудың басты қателігі – дер кезінде кетпеуінде емес, командада жаңа рөл таба алмауында. Футбол өзгерді, прессинг салтанат құрды. Энергиясы тасып тұрған, 90 минут дамылсыз допқа таласатын жауынгерлер керек. Португалияның орта шебінде кіл мықтылар өнер көрсетеді: Витинья, Бруно, Жоау Невеш... Бәрі доп ұстағанды жақсы көреді. 


Carlos Rodrigues / Getty Images

Қазір Испания, Англия, Франция сияқты құрамалардың ешбірінде номиналды форвард жоқ. Микель Оярсабаль (Испания), Усман Дембеле (Франция), Харри Кейн (Англия) алаңда бірнеше функцияны қатар атқарады. Екінші шабуылшы, ұрын тоғыздық, керек болса вингер және ондық. 

Аргентина мен Бразилияда да сол жағдай. Өткір шабуылда пас күтіп жүретін форвард қазір жоқтың қасы. Қазір алаңда кез келген футболшы үнемі прессингке тап беріп, матч бойы бос кеңістік іздеумен жүруі керек. 

Атақты Moneyball фильмінен үзінді келтісрсек: «Adapt or die». Не өзгересің, не қараңды батырасың. Криштиану ұлттық құрамада жаңа рөл таба алмады. Әйтпесе, вариант өте көп: не 90 минут бойы ақтық демің қалғанша тактикалық нұсқауды орындайсың, не 75-минуттар шамасында алаңға джокер рөлінде шығасың, болмаса алаңға шықпай-ақ командаңа психологиялық қолдау көрсетесің. Криштиану осының ешбіріне де бейімделе алмады.


Johan Nilsson / Keystone Press Agency / Global Look Press

Криштиануға қазір кәміл фанаттарынан басқа ешкім сенбейді. Бапкерлер оны көптің хейтіне ұшырамас үшін ұлттық құрамаға шақырады. Оны шақырған соң стартқа шығармаса тағы сынға ілігеді. Командаластары ойынды Криштиану арқылы жығатынына да сенбейді. Шау тартты – реакция мен реализация сөніп барады. Сосын пас та бермейді, доп та жетпейді.

Бұл жерде Португалия футбол федерациясы да кінәлі. Ұлттық құрамада Криштиану Роналду культін тым сакралдандырып жіберген. Алайда, сөз жүзінде карт-бланш бергенімен, іс жүзінде сенім артпай отыр. «Уақытың келді, енді жастарға орын бер. Сен командада жүрсең басқа лидерлер өсіп шықпайды. Сенің атыңнан ат үркиді, бәрі сенен именеді. Команда жеңсе абыройдың бәрін өзің арқалайсың, ал жеңілсе саған доп бермегені үшін басқалары сынға ұшырайды. Жаңа буын, жаңа футбол. Осы биігіңде, абыройың барда ұлттық құрамамен қоштас. Сен жасаған рекордтарды (233 матч, 146 гол) енді жақын арада ешкім бұза алмайды. Қоштасу матчын ұйымдастырып, астыңа ат, арқаңа шапан жауып шығарып салайық», деп айтуға ешкімнің дәті бармады. 

Қазір осының зардабын Ұлы футболшы тартып отыр. Бұрынғы монстр бүгінгі мем королі. Криштианудың қазіргі кейпі «Пацаны» сериалындағы Хоумландердің (Homelander) трагедиясын есте түсіреді. Екеуіне тән ортақ нәрсе – миллиондардың қошеметіне тәуелділік, өзіне деген сөзсіз сенім. Хоумландер айнадан бір тал ақ шаш түскенін көруге қалай қорықса, Роналду да өзінің дәуірі өткенін қабылдаудан дәл солай шошиды. Супер-қаһарман иллюзиясының құрбандары.


Getty Images

Криштиану үнемі мінсіз болуға (перфекционист) ұмтылды. Дұрысы кемелденуге қадам жасауы керек еді. Қазір Роналду карьерасының соңында қиын позицияда қалды. Жасы 41-де, ойыны сұйылып кетті. Командада қатарластарынан ешкім қалмады. Соңғы рет (2024 жылы) Пепе ойнағанда жүзінен күлкі кетпейтін. Қазір жаңа буынның арасынан өзін бөтен сезінетін болды. Кинода басты қаһарманды сомдайтын актер емес, эпизодта жылт етіп көрінетін (камео) жұлдызға ұқсап барады. 

Бүгінгі Португалия ұлы голеадорға мұқтаж емес. Шындығы осы. Оны қабылдай алмай отырған Криштиану да, оған дер кезінде ескертпеген Федерация да кінәлі. 

Ары қарай қызық: Криштиану ашулы күйде Пирс Морганға сұқбат беріп ағынан жарыла ма, әлде бір мәмілеге келіп қоштасу матчына дайындала ма?

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам