Олар әлемнің уақытша чемпионы атағын сарапқа салады
UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (18-0) 7 желтоқсанда Лас-Вегаста өтетін UFC 310 турнирінде жекпе-жек өткізетіні ресми расталды.
Отандасымыз ирландиялық файтер Иан Гэрримен (15-0) октагонға шығады. Бұл туралы UFC президенті Дана Уайттың өзі мәлімдеп отыр.
Турнирдің басты оқиғасы аса жеңіл салмақтағы әлем чемпионы бразилиялық Алешандре Пантожа мен жапон Кай Асакура арасында өтеді. Алғашқысы өзінің титулын қорғамақ. Асакура болса бұған дейін Жапонияның RIZIN дивизионында басты жұлдыздардың бірі болған. Енді оған элиталық дивизионда чемпион атану мүмкіндігі беріліп отыр.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов осынау турнирде америкалық әлем чемпионы Белал Мухаммадпен төбелесуі тиіс болған. Алайда, соңғысы жарақат алғанын айтып, жекпе-жекті кейінге шегерді. Енді Рахмонов пен Гэрри әлемнің уақытша чемпионы атағы үшін төбелеседі.