Бұл нокаут аталған турнирдегі ең есте қаларлық сәттердің бірі болуы мүмкін
Алматыда өткен NAIZA 69 турнирінде аса ауыр салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Дамир Русинов пен ресейлік Бейбулат Исаев арасындағы жекпе-жек нокаутпен аяқталды.
Айта кету керек, екі файтер де аралас жекпе-жектегі қадамын енді басып, дебюттік кездесулерін өткізіп отыр.
Бұл жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Қарсыласының ашылған сәтін күткен Исаев оны басынан дәл теуіп құлатты. Русинов болса біразға дейін есін жия алмай, оның тұрып кетуіне рефери көмектесті.
Айта кету керек, ресейлік файтердің жасы 30-да. Ол бұған дейін спорттың кикбокс және тайбокс түрлерімен айналысқан. Тіпті, тай боксынан әлем чемпионы деген атағы да бар.
Ал, Русинов болса бұған дейін Маңғыстау облысында Төтенше жағдайлар департаментінде құтқарушы болып жұмыс істеген деген дерек бар. Ол енді біраз уақыт емделуі мүмкін.