Ол Рахмонов пен Гэрри арасындағы жекпе-жектің өте қызықты өтетініне сенімді
Орта салмақта UFC-дің экс-чемпионы Камару Усман өзін «қорқақ» деп сынағандарға қатаң жауап қайтарды. Бұған дейін нигериялық файтер Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізуден бас тартып, сын астында қалған болатын.
Еске салайық, қазақ файтері Шавкат Рахмонов пен әлем чемпионы Белал Мухаммад арасындағы жекпе-жек өтпейтін болғандықтан, UFC Шавкат пен Камаруға уақытша әлем чемпионы атағы үшін төбелесуді ұсынған еді. Алайда, Усман бұл ұсыныстан бас тартты. Рахмонов болса енді Иэн Гэрримен октагонға шығады.
«Интернетте менің тарапыма түрлі пікір жазылып жатыр: «сен қорқақсың», «сен одан қашып жүрсің» дейді. Джон Джонспен де дәл сондай жағдай. Фанаттар тиісті қарсыласқа қолы жетпегендіктен қорықтың деп айыптай береді. Жігіттер, үндеріңді өшіріңдер!
Мен әлем чемпионы болдым, титулымды қайта-қайта қорғадым. Сонда да «ол қорқады» дейсіңдер ме? Үндеріңді өшіріңдер! Сен жай ғана өз қалауыңды ала алмадың», - деді Камару Усман Pound 4 Pound подкастында.
Ол Шавкат Рахмонов пен Иан Гэрри арасындағы жекпе-жек өте тартысты боларын, жанкүйерлер мұны көргеннен өкінбейтінін де айтты.