Ол басқа тілді білмегені үшін де еш қысылмайтынын айтты
Лас-Вегаста өткен UFC 296 турнирінде америкалық Стивен Томпсонды мерзімінен бұрын жеңген қазақ файтері Шавкат Рахмонов жекпе-жектен кейін баспасөз конференциясына қатысып, журналистер сұрағына жауап берді.
Қазақстаннан барған тілшілердің бірі Шавкаттан ағылшын тілін меңгеру ойыңда жоқ па деп сұраған. Өйткені, жекпе-жектерінің көбін Америка мен Еуропада өткізетін спортшыға журналистермен және ұйымдастырушылармен бір тілде сөйлескен дұрыс дегенді ишаралады ол.
Рахмонов болса ана тілінен басқа тілдің әзірге қажет емес екенін айтып қысқа қайырды.
«Басқа тілдерді білу, әрине жақсы. Бірақ, мен қазақ тілінде жақсылап сөйлесем болды. Басқа тілдерде сөйлей алмасам ұялмаймын. Ана тілімді таза сөйлесем жеткілікті», - деді Шавкат Рахмонов.
Айта кетейік, қазақ файтері Стивен Томпсонды екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңді.