Осылайша Нұрсұлтан Жұбатқан балалар үйіне өз сыйын ұсынған алғашқы спортшы болған
Әмбабап жекпе-жектен әлем чемпионы, спорт әлемінде жетістікке жеткен тұлғалардың бірі маңғыстаулық - Нұрсұлтан Жұбатқан жеңісі үшін сыйға алған 1 миллион теңгені балалар үйіне қайырымдылыққа берді.
Әлем чемпионының айтуынша, бұл шешім тек қаржылық көмек көрсетуді ғана емес, сонымен қатар, балалардың жүректерінде қуаныш отын жағу мақсатында берілді.
«Бұл қаражат балалардың жақсы білім алуына, денсаулықтарын жақсартуға және болашақта өз орнын табуларына көмек болады деген сенімдемін. Әлем чемпионатында жеңіске жеткенімде, менің қуанышыммен қатар, сол жеңісті балалармен бөлісу ниетім болды. Алдағы мерекелерде балалардың жүздеріндегі күлкі мен қуаныштың көрінуі мен үшін үлкен бақыт. Спорт - тек күш-жігерді арттыру үшін ғана емес, мейірімділік пен ынтымақтастықты насихаттайтынын көрсеткім келеді. Осы арқылы біз өзіміздің қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, болашақ ұрпаққа үлгі болуға тырысамыз. Сондықтан, менің бұл ісім балаларға шабыт беріп, олардың армандарына жетуге көмектеседі деген сенімдемін»,- деді Әлем чемпионы.
Осылайша, әлем чемпионының балалар үйіне жасаған бұл қайырымдылығы тек қаржылық көмек қана емес, сонымен бірге, балалардың болашағына деген үміт пен сенімділікті арттыруға бағытталған игі іс.
Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінің басшысы Сәру Ермұханова Нұрсұлтан Жұбатқанды Әлем чемпионы ретінде өз сыйын ұсынған алғашқы адам дейді.
«Біздің өңірімізден осындай чемпион шыққанына өте қуаныштымын. Нұрсұлтан Жұбатқанды балалармен таныстырып, сол сияқты ел намысын қорғайтын жеңімпаз болсын деген тілек білдірдік. Ата-анасына, жеке жаттықтырушысына алғыс айтамын. Жеңістің жеңісіне, шыңның шыңына жете берсін», - деді Сәру Ермұханова.