Жекпе-жек 8 желтоқсанда өтеді
АҚШ-тың Невада штаты, Лас-Вегас қаласында өтетін UFC 310 турнирі қарсаңында жеңілмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иэн Гэрри алғаш рет жүздесті.
Kill Cliff жаттығу залында бұрынғы серіктес болған қос спортшы жылы амандасып, пікір алмасқан:
«Салмақ қалай?», «Дайынсың ба?», «Әрдайым дайынмын», – деді олар.
Желі қолданушылары спортшылардың сыйластығын қызу талқылап жатыр.
«Дұрыс осындай сыйластық болуы керек», «Мынандай сыйластықтан кейін, төбелескің келмей қалады екен», «Қандай жағдай болғанда,адамшылығыңды жоғалтпаған абзал! Шавхаттың тәрбиесі өте жоғары!», - деп жазды желі қолданушылары.
6 желтоқсан күні баспасөз конференциясы өтеді, ал жекпе-жектің өзі 8 желтоқсан күні таңғы сағат 08:00-ден кейін басталады.
Қазақстандық саңлақ Шавкат Рахмоновтың ирландиялық Иэн Гэрримен кездесуі үшін кепілді сыйақысының көлемі 350 мың долларды құрамақ. Жеңген жағдайда табысы тағы 100 мың долларға артады. Гэрридің сыйақысы 150 мың доллар болады, оған да жеңіс үшін 100 мың доллар қарастырылған.
Айта кетейік, бұл кездесудің жеңімпазы UFC-дің жартылай орта салмақтағы қазіргі чемпионы, америкалық Белал Мұхаммедке қарсы титулдық жекпе-жекке шығу мүмкіндігіне ие болады.