Шиеленіске ресейліктің командасына жақын адам себеп болған
Өзінің досы Алджамэйн Стерлингтің Мовсар Евлоевтан жеңілісінен соң жанкүйерге тап берген аса жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Мераб Двалишвили бұл жайтқа келесі айда кездесетін қарсыласы Умар Нурмагомедовтің командасын кінәлады.
«Умар командасының тарапынан бітпейтін өтірік, құрметсіздік және әдейі арандату. Шындық осы», - деді Мераб Двалишвили.
Грузиялық спортшының жақтастарының сөзінше, шиеленіске ресейліктің командасына жақын адам себеп болған. Өйткені жанкүйер оның қолын ұстап алып, ауыр сөздер айта бастаған.
«Мерабты ашуландырған жігіт жай ғана жанкүйер емес, ол Умардың командасы мен дағыстандықтардың досы. Ол қатардағы қазақстандық жанкүйер емес, ол арандатушы. Сол күні Умар онымен түскен суретін салды, оған дейін де олардың бірге түскен суреттері бар. Жанкүйер қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында Мераб Шавкат Рахмонов туралы жағымсыз пікір айтып, соған ашуланғанын жеткізген. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Мераб Шавкатпен жақсы қарым-қатынаста. Бұл дағыстандықтардың арандатушылығы», - делінген.