Бұған дейінгі 18 кездесуінің бәрін ол мерзімінен бұрын аяқтаған
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC 310 турнирінде ирландиялық Иэн Гэрриді жеңгеннен кейін жекпе-жекке дейін үлкен проблемаға тап болғанын айтқан еді. Артынша Dar Team командасының бапкері Базров оның ауыр жарақатпен октагонға шыққанын мойындады. Дегенмен, ол нақты қандай жарақат екенін айтқан жоқ.
UFC комментаторы Дэниель Корьменің пікірінше, Шавкаттың тізесі сыр берген. Аяқтағы жарақаты салдарынан ол Гэрримен жоғары деңгейде төбелесе алған жоқ дейді маман.
Ал Sportkor парақшасы 14 қазандағы видеоны жариялап, онда Шавкат аяғының саусағын сындырып алғанын алға тартты. Видеода Рахмонов: «Жылдам қимылдау қиындау. Бірақ бұл спорт қой, амал жоқ» деп мойындайды.
Айта кетейік, қазақ файтері мансабында алғаш рет жекпе-жекте соңына дейін ойнап шықты. Бұған дейінгі 18 кездесуінің бәрін ол мерзімінен бұрын аяқтаған. Иэн Гэрри болса мансабында алғаш рет жеңіліп отыр.