
UFC жауынгері Рафаэль Физиев Әзербайжан азаматтығын алған
UFC жауынгері Рафаэль Физиев не себепті Қырғызстан емес, Әзербайжан атынан өнер көрсете бастағанын түсіндірді.
Физиев Қазақстанда дүниеге келген, алайда балалық және жастық шағы Қырғызстанда өткен. Ол 2021 жылға дейін дәл осы елдің атынан жарыстарға қатысып жүрді. Алайда кейін Әзербайжан азаматтығын алды. Бұған оның шиіттік ұстанымы себеп болған.
«Қырғызстанда осы (дінге байланысты) тақырыпта аласапыран, қудалау басталды. Қырғызстан мүфтияты менің сеніміме, өзіме қатысты артық сөздер айтты. Сонан соң білімсіз мыңдаған адам маған жабыла кетті, сұмдық хейтке ұшырадым. Ең сорақысы, бұған ешкім аузы ашпады, бір сөз айтып қорғамады.
Әйтпесе қаншама қылмыстық іс қозғауға болар еді. Бірақ құқық қорғау органдары мән бермеді, қоғам да қолдамады. Демек, бұл менің үйім емес шығар. Соншама ауыр сөздер айтып, бір адам қолдауға жарымаса… Сондықтан өзімнің тарихи отаным — өзім секілді адамдар тұратын елге кеттім. Барлығы осылай болды», — деді Физиев SHMS AUTO GROUP YouTube-арнасына берген сұхбатында.