
Файтердің ескі жарақаттары әліге дейін жазылмаған
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі кездесуін қашан өткізетіні әзірге белгісіз. Жерлесіміз әлі күнге дейін жарақатын емдеп жүр. Бірақ өзі де октагонға оралатын күнді асыға күтіп жүргенін алға тартты.
«Өзім де оралуға асықпын, тек жарақатты толық емдеп алу керек, дайын болу керек. Шыны керек, бірден чемпиондық белдік үшін жекпе-жек өткізгім келеді, бірақ бәрін уақыт көрсетеді. Ең бастысы, кіммен жекпе-жекке шықсам да, толыққанды дайын болуым қажет», - деді ол.
Шавкат желтоқсанда айқас өткізуі мүмкін екендігін де жоққа шығармады.
«Бұл ақпарат рас деп ойлаймын. Ең бастысы, жарақаттан толық айығу. Биыл жекпе-жек өткізгім келеді», - деп қосты спортшы.
Рахмонов Джек Делла Маддалена туралы да ойын ашып айтты.
«Ол – қазіргі таңда чемпион, жеңіске жетті. Әзірге ол мықтырақ шығар. Бірақ көреміз, бәрін уақыт көрсетеді. Біз де дайындалып жатырмыз», - деді аралас жекпе-жек шебері.
Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында жекпе-жек өткізді. Сол кезде ол ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.