
Спортшы соңғы кезде жолына тосқауыл болған адамдар көбейгенін айтты
Қазақстандық танымал спортшы Қуат Хамитов ММА-дегі қиындықтар мен жекпе-жегі өтпей қалғаннан кейінгі жағдайы және саяси мәселелер жайлы ойын ортаға салды.
Аралас жекпе-жектегі еліміздің ең белді өкілдерінің бірі Қуат Хамитов «Вестник ММА-ге» сұхбат беріп, кедергілерге қарамастан жаттығуын жалғастырып жатқанын айтты.
«Қазақстанда ММА-ге қатысты мәселе көп. Қалай болғанда да октагонға оралуға барымды салып жатырмын», - деді ол.
Спортшы соңғы кезде жолына тосқауыл болған адамдар көбейгенін тілге тиек етті.
«Саяси мәселелер бар. Көп ақша жұмсап дайындалдым, денсаулығымды құрттым. Бірақ айқасты өткізбей тастады. Іштей күйрегендей күй кештім. Біртіндеп қалыпқа келіп жатырмын. Әзірге тынығып алайын деп шештім», - деді Хамитов.
Соған қарамастан Хамитов ММА-ден кетпейтінін және карьерасын жалғастыратынын алға тартты.