UFC өкілдері Қазақстанның биліктегі өкілдерімен кездескен
Қазақстандық OCTAGON промоутерлік ұйымының президенті Нұраддин Садықов «Бірінші бол» YouTube арнасына берген сұхбатында елімізге UFC турнирін әкелу мүмкіндігі жайында пікір білдірді.
Нұраддин Садықов UFC президенті Дана Уайтпен Қазақстанда іс-шара өткізу мәселесін талқылағанын айтады.
«Жалпы қазақтарды өте жақсы біледі. Біз енді Канадада жолықтық қой, өте қарапайым, қазақтарға деген құрметі жоғары. Негізі сөйлескен мәселе – Қазақстанға UFC-ді алып келу. Бұны біздегі жоғары кабинеттегілерге де айттық. Бірақ бұларға мемлекеттік кепілдік керек. Бізге дейін де, бізден кейін де және қатар келіссөз жүргізіп жатқандар бар. Бірақ, бір ғана мәселе, бұларға қазіргі таңда мемлекеттік кепілдік керек. UFC-ді алып келу өте үлкен кезеңдерден тұратын дүние. Ең бірінші мәселе – қаржылық, екіншісі – мемлекеттік кепілдік. Өздерінің райдерлері бар. Мысалы, UFC келіп, fight night өткізу үшін мынанша төлеу керек деп айтады», - дейді ол.
Белгілі болғандай, UFC өкілдері Қазақстанның биліктегі өкілдерімен кездескен.
«Біздің билікпен келіссөз жүргізген кезде қанша ақша керек екенін және оның қанша бөлігін демеушілер арқылы тауып, қанша көлемде пайда табу керегін айтып, есебін көрсеті. Енді әрі қарайғы шешімді сол биліктегілер қабылдайды. Бірақ, бұл – Дженнифер Лопесті әкелгеннен де әлдеқайда пайдалы қадам. Өйткені Дженнифер Лопес бүгінде карьерасының шарықтау шегінен өткен әнші. Ал мен бір нәрсені түсіндім: біз өзімізді үшінші әлем елдеріне жататынымызды мойындауымыз керек. Мұндай елдерге сенім несиесін беретін – осындай үлкен шаралар. Яғни, Дженнифер Лопестің концерті, Реал Мадрид пен Қайраттың ойнауы, UFC-дің келуі, Formula 1, Лучано Павароттидің концертін өткізсек, сенім оянады. Өзге мемлекеттердің сенімі оянып, яғни, бұл мемлекеттерде тұрақтылық бар, туристік саяхат жасауға болады деп сенеді. Бұның эффектісі дәл сол шарадан қайтпауы мүмкін, оны ашық мойындау керек, бұл иммидж қалыптастыратын жобалар. Бірақ сол иммидждің арқасында туризм салалары дамуы мүмкін. Біз жасаған кезде бұл бір теңге боп қайта ма немесе екі теңге боп қайта ма деген көзқараспен қарамау керек. Егер алысты болжап, стратегиялық дүниелер деп қарайтын болсақ, ақталатын дүние. Бұл жерде мәселе UFC-ді менің не басқаның әкелуінде емес, бастысы осындай үлкен жобалар болуы тиіс. Ал Әзірбайжанның үш жылдық келісім-шарты бар. Олар жылына кемі бір іс-шара өткізеді», - дейді Нұраддин Садықов.