
Алайда рейтинг жаңартылған соң жағдай өзгерді
UFC ұйымы салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің ең үздік жауынгерлері рейтингін жаңартты. Бұл жолы тізімде қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың есімі жоқ.
Ұйым дерегінше, Рахмонов енді P4P (pound-for-pound) – салмаққа қарамастан үздік 15 жауынгердің қатарына кірмейді.
Айта кетейік, 19 тамыз күні Шавкат Рахмонов UFC тарихында алғаш рет осы беделді тізімге енген еді. Ол сол кезде 15-орынға көтеріліп, бразилиялық Чарльз Оливейраны ығыстырған болатын.
Алайда рейтинг жаңартылған соң жағдай өзгерді.
«Оливейра Рио-де-Жанейрода өткен турнирде Матеуш Гамротты айқын жеңіп, үздіктер қатарына қайта оралды», – делінген хабарламада.
Еске салайық, қазан айының басында Шавкат Рахмонов өзіне қатысты UFC-ден кетеді деген қауесеттерді ресми түрде жоққа шығарған болатын.
Сонымен қатар қыркүйек айының соңында спортшының келесі жекпе-жегіне қатысты жаңа ақпараттар шықты. MMA шолушысы Фаниль Рафиковтың айтуынша, Шавкат Рахмонов келесі кездесуін 2026 жылдың басында Белал Мухаммадқа қарсы өткізуі мүмкін.