Курбан Бердыев Ермұхамед Мәуленді не үшін кешірді? ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым

«8 рет атқан»: Ресейде MMA файтерінің не үшін өлтірілгені айтылды

02.02.2024, 05:36

Ол 2 қаңтарда 21 жасқа толған еді

«8 рет атқан»: Ресейде MMA файтерінің не үшін өлтірілгені айтылды
Магомедрасул Мутаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

31 қаңтарда Дағыстан астанасы Махачкалада ресейлік спортшы – MMA файтері Магомедрасул (Мухаммад) Мутаев жауыздықпен өлтірілді. Белгісіз ер адам оны өз үйінің алдында сегіз рет атып, оқиға орнынан ізін суытқан. Қазір тергеушілер істің мән-жайын анықтап жатыр.

Мутаев кімнің жолын кесті?

Жергілікті Телеграм-каналдардың жазуынша, Магомедрасул жаттығудан үйіне қайтып келгенде өлтірілген. Қылмыскер оны аулада күтіп алып, тапаншамен оқ жаудырған. Спортшы жерге құлап, біраз уақыт тірі жатқан көрінеді. Кей деректерде оның жедел жәрдем көлігінде көз жұмғаны жазылса, кейбірі оқиға орнында тіл тартпай кеткенін айтады.

Қылмыскер кек алған болуы мүмкін

Қанды қылмыс болғаннан кейін Махачкалада дереу ұстау операциясы жүргізілді. Қалаға кіру-шығу жолдары толықтай құқық қорғау органдарының бақылауына алынып, темір жол вокзалы мен әуежайда күзет күшейтілді.

Алдын ала болжам бойынша, Мутаевты 18 жастағы жігіт кек алу мақсатында өлтірген. Ол – Коркмаскала селосының тұрғыны. Өткен жылдың соңында Мутаев оны және тағы бірнеше жігітті соққыға жығып, беттеріне жасыл дәрі жағып кеткен көрінеді. Кек сақтап қалған күдікті осындай жолмен «ақысын алған» болуы мүмкін.

Тапаншадан шыққан сегіз оқтың бірі спортшының басына тиген. Тірі қалмайтынына көзі жеткен қылмыскер «Лада Приора» көлігіне мініп, Чанко селосына қарай бет алған. Әзірге полицейлер оны іздеп жатыр.

Белгілі болғандай, Мутаевқа бұған дейін де қастандық жасалған екен. Ол кезде атылған оқ қисық ұшып тимей қалған. Ал, бұл жолы спортшының аман қалатын ешқандай мүмкіндігі болмады.

Магомедрасул Мутаев Абдулманап Нурмагомедовтың (Хабиб Нурмагомедовтың әкесі – авт.) күрес мектебінде жаттығу жасаған. 2022 жылы Али Алиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде ол екінші орын алды (97 кг). Кейін күрестен кетіп, аралас жекпе-жекпен айналысуға ден қояды. Былтыр AMC Fight Nights промоушенымен келісімшарт жасасып, 10 қарашада Эльгун Ясибовпен бірінші жекпе-жегін өткізді және жеңіске жетті. Оның екінші жекпе-жегі 23 ақпанда өтуі тиіс болған.

«Сен менімен мақтанатын боласың, әке»

Мутаев 1 қаңтарда 21 жасқа толған еді. Ол MMA-да болашағы бар спортшылардың бірі саналған.

«Мен көтерілемін, сен менімен мақтанатын боласың, әке», - деп жазылған Мутаевтың ВКонтакте-парақшасында.

Оқиғаның мән-жайын қазір полиция мен Тергеу комитеті анықтап жатыр. Істі Комитет басшысы Александр Бастрыкиннің өзі бақылауына алған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам