Қазақстан күрес федерациясының бірінші вице-президенті Марат Өмірбекұлы салтанатты түрде берді.
Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов уәде етілген пәтері бір жылдан кейін табысталды.
Бүгін Алматыда күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Ел біріншілігінің ашылу салтанаты кезінде чемпионға пәтер кілтін Қазақстан күрес федерациясының бірінші вице-президенті Марат Өмірбекұлы салтанатты түрде берді.
Сонымен қатар, грек-рим күресінен осы жылы өткен әлем чемпионатында топ жарған Айдос Сұлтанғали мен бапкеріне ақшалай сыйақы берілді.
Айта кетейік, жақында балуан әлем чемпионы атанған соң федерацияның қорытынды жиынында өзіне пәтер сертификаты табысталғанымен, оған қол жеткізе алмағанын айтқан еді. Еліміздегі бірнеше БАҚ аталған мәселе туралы жазғаннан кейін балуанның мәселесі шешімін тауып отыр.
Нұрқожа Қайпанов 2024 жылы Венгрияда күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионатында 70 келіде топ жарған. Аталған айтулы оқиғадан кейін балуанға Еркін Қожасбай құны қымбат көлік мінгізсе, Ақтөбе облысында кәсіпкерлер 20 жылқы сыйлады. Айта кететін жайт, отандық бозкілем шебері биыл Азия чемпионатында топ жарып, күзде әлем біріншілігінде қола жүлдеге ие болды.