Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

Шұғыл жаңалық: Қазақстанда 286 мың спортшының деректері таралып кетті: министрлік не дейді?

23.12.2025, 11:51

Ведомство оның салдары жайлы әзірге үн қатқан жоқ. 

Шұғыл жаңалық: Қазақстанда 286 мың спортшының деректері таралып кетті: министрлік не дейді?
Pixabay.com

Қазақстанда жүз мыңдаған спортшының деректері таралып кетті. 2025 жылғы 13 қарашада даркнеттегі хакерлік форумдардың бірінде esport.gov.kz мемлекеттік ақпараттық жүйесіне тиесілі делінген деректер базасы жарияланған.

Esport.gov.kz жүйесі спорт саласындағы үдерістерді автоматтандыруға, яғни спортшыларға разрядтар мен атақтар беру, спорттық іс-шаралардың күнтізбесін қалыптастыру және спортшылар мен жаттықтырушыларды есепке алуға арналған.

Форумда dump5ter лақап атымен тіркелген киберқылмыскердің мәлімдеуінше, жарияланған архивте 286 мыңнан астам жазба бар. Ал рrofit.kz редакциясы скриншоттарда нақты адамдар туралы мәліметтер көрсетілгенін алға тартты. Олардың қатарында спортшылар мен жаттықтырушылардың аты-жөні, ЖСН, туған күні, азаматтығы мен ұлты, тұратын өңірі, спорт түрі мен разряды, телефон нөмірі және электронды поштасы бар. Онда еліміздің ірі қалалары мен өңірлеріндегі азаматтар да қамтылған.

Киберқауіпсіздік саласының мамандары «ЖСН + телефон + аты-жөні» комбинациясы аса қауіпті екенін айтады. Себебі мұндай деректер әлеуметтік инженерия схемаларында – жалған банк қызметкерлері немесе құқық қорғау органдары атынан жасалатын қоңырауларда, сондай-ақ жалған микронесие рәсімдеуде жиі қолданылады.

Жеке деректердің таралып кеткенін Туризм және спорт министрлігі де растап отыр. Вице-министр Бауыржан Рапиков осы жағдайға байланысты тексеру басталғанын мәлімдеді:

«Қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат заңнамада белгіленген тәртіппен ұсынылады», – деді ол.

Алайда министрлік хакерлік шабуыл салдары қаншалықты ауыр, жүйені толық бақылауға алу қаупі бар ма, зардап шеккен азаматтарға ескерту жіберілді ме, қандай қорғау шаралары қабылданды және Esport жүйесі қазіргі таңда қай режимде жұмыс істеп тұр деген секілді бірқатар маңызды сұраққа жауап берген жоқ. Цифрлық даму министрлігі де бұл мәселеге қатысты нақты түсініктеме бермеген.

Қазіргі таңда деректердің қалай қолды болғаны да белгісіз. Сарапшылар бұл веб-қосымшаның кемшілігі немесе әкімші аккаунтының бұзылуы салдарынан болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, деректер операторы жеке мәліметтердің таралуы туралы үш жұмыс күні ішінде уәкілетті орган мен дерек иелерін хабардар етуге міндетті.

Мәселенің ең алаңдатарлық тұсы – E-sport жүйесіндегі деректерді қорғай алмаған Туризм және спорт министрлігі алдағы уақытта Бірегей есеп жүйесі (БЕЖ) платформасына жауапты болмақ. Бұл жүйе ойын бизнесіндегі бәс тігуді бақылауға арналған және оның технологиялық бөлігін Ресей тарапы әзірлейді деп жоспарланып отыр. БЕЖ іске қосылған жағдайда, Қазақстандағы букмекерлік нарықтағы барлық қаржы айналымы бір орталықта шоғырланып, миллиондаған азаматтың жеке және қаржылық деректері бір платформада жинақталатын болады.

Осыған байланысты қоғамда деректер қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар мен алаңдаушылық күшейіп отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам