Асылжан Есенгелді бұл мәселеге қатысты пікір білдірді
Еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы өткен аптада өткізген қорытынды жиынында бірқатар балуандарға қомақты сыйақы табыстады. Алайда марапатталғандар қатарында әлем чемпионатының жүлдегері Асылжан Есенгелді болмағаны қоғамда қызу талқыланды.
Бұл мәселеге Азия күрес федерациясының бұрынғы өкілі Дулат Қарыбай назар аударып, жағдайды ашық сынға алды.
«Қазақстан күрес федерациясы жаңа басшылықпен қорытынды жиын өткізіп, соңғы жылдары жетістікке жеткен балуандарды марапаттаған. Алайда әлем чемпионатында қола жүлде алған Асылжан Есенгелді марапат түгілі, жиынға да шақырылмаған», – деп жазды ол.
Кейінірек Асылжан Есенгелді бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, өзінің АҚШ-та оқу-жаттығу жиынында жүргенін айтты. Оның сөзінше, дәл сол уақытта дайындық процесінде болғандықтан, салтанатты рәсімге қатыса алмаған.
«Мені уайымдамауларыңызды сұраймын. Қазір АҚШ-та оқу-жаттығу жиынындамын. Федерацияның марапаттау рәсіміне дайындық барысында болғандықтан бара алмадым. Бұл мәселеге байланысты артық шу көтерудің қажеті жоқ. Барлығы жақсы», – деді балуан.
Дегенмен, бұған дейін спортшы жиын туралы мүлде хабарсыз болғанын, федерация тарапынан өзімен ешкім байланысқа шықпағанын мәлімдеген еді.
«Жеке өзіме ешкім хабарласпады. Қорытынды жиынға шақырылмадым. Америкаға кетер алдында “жиын бола ма?” деп сұрадым. “Жаңа басшылық, жиын болмайды” деген жауап алдым. Кейін Instagram желісінен марапаттау рәсімін көрдім. Еңбегім еленбей қалғандай әсер болды», – деген болатын ол.
Осы екі түрлі мәлімдеме қоғамда күмән туғызды. Алғашқы сөзінен кейін балуанның бейнежазба арқылы пікірін өзгертуі федерация тарапынан белгілі бір ықпал болғандай әсер қалдырды. Себебі «жиынға шақырылмадым» деген уәжден соң «дайындықта болғандықтан қатыса алмадым» деуі көпшілікке түсініксіз көрінді.
Қысқасы, бұл оқиғаның айналасында бізге беймәлім жайттар бар сияқты. Спортта нәтиже ғана емес, әділдік те бағалануы керек.