Жарыста танымал балуандар бақ сынайды.
13 ақпанда Қырғызстан астанасы Бішкекте еркін күрестен ірі халықаралық Super 4 Wrestling супертурнирі өтеді. Байрақты бәсекеде әлемдік деңгейдегі балуандар белдеседі.
Белгілі болғандай, турнирге Олимпиада бағдарламасына енген бес салмақ дәрежесі бойынша әлемнің ең үздік төрт балуаны шақырту алған. Жарыс басталар алдында жеребе тартылып, спортшылар жартылай финалдық жұптарға бөлінеді. Жартылай финал жеңімпаздары алтын медаль үшін күрессе, жеңілген балуандар қола жүлдені сарапқа салады.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, турнир аясында грек-рим күресінен де арнайы жекпе-жек өтеді. Бұл белдесуде Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудов пен әлем және Еуропа чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері болгариялық Айк Мнацаканян бозкілемге шығады.
Жарыста отандық еркін күрес шеберлері де бақ сынайды. 97 келі салмақта ересектер арасындағы әлем чемпионы, сондай-ақ U-20 және U-23 жас санаттарында әлем біріншіліктерінің жеңімпазы Ризабек Айтмұқан белдеседі. Ал 86 келіде үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков ел намысын қорғайды.
Азамат Дәулетбековтің ықтимал қарсыластарының қатарында ресейлік Артур Найфонов, АҚШ өкілі Натан Джексон және қырғызстандық Малик Шаваев бар.