Яздани финалға дейін барлық қарсыласын сенімді түрде жеңген
Еркін күрестен Олимпиада чемпионы, Иран құрамасының өкілі Хасан Яздани Хорватияда өткен рейтингтік турнирдің финалында АҚШ балуанынан мерзімінен бұрын жеңіліп қалды.
Жаңа салмаққа ауысып, 97 келіде өнер көрсеткен Яздани финалға дейін барлық қарсыласын сенімді түрде жеңгенімен, шешуші белдесуде америкалық Стивен Бьюкененге 3:13 есебімен жол берді. Кездесу барысында ирандық балуан қарсыласына лайықты қарсылық көрсете алмады.
Белдесу үздіксіз шабуылдарға толы болып, жанкүйерлердің көңілінен шықты. Алайда Яздани қорғаныста жиі қателікке бой алдырып, қарсыласына көп мүмкіндік беріп қойды. Ал өзі шабуылға шыққан сәттерде америкалық балуан қарымта әдістермен оны бозкілемде еркін қимылдауға жол бермеді.
Осылайша, Париж Олимпиадасынан кейін жарақатынан ұзақ уақыт емделіп, халықаралық аренаға қайта оралған Иран өкілі маңызды жарыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, ол бұған дейін Иранда өткен турнирде 97 келіде алғаш рет белдесіп, чемпион атанған болатын.
Хасан Яздани 74 келіде Рио Олимпиадасының чемпионы атанса, Токио және Париж Олимпиадаларында 86 келі салмақта екі мәрте күміс жүлде жеңіп алған. Сондай-ақ, ол әлем чемпионаттарының үш дүркін чемпионы, үш мәрте күміс және бір рет қола жүлдегер.
Бұдан бөлек, Яздани Азия чемпионаттары мен Азия ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы саналады. Ал ол өнер көрсететін 97 келі салмақта Олимпиада чемпиондары Абдулрашид Садулаев (Ресей), Кайл Снайдер (АҚШ) және Ахмед Тажудинов (Бахрейн) белдесіп жүр.