Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Өткеннен сабақ алынған жоқ». Пайдасы аз, шығыны көп қысқы Азиада бізге керек пе?

07.02.2026, 11:44

Азиада өткізуге Қазақстан 1 миллиард 650 миллион доллар жұмсаған

«Өткеннен сабақ алынған жоқ». Пайдасы аз, шығыны көп қысқы Азиада бізге керек пе?
1bol.kz коллажы

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді. Бұл хабарды естіген боларсыздар. Ресми ақпарат. Тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы, шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.

Азиада «бедел» бола алды ма?

Қазақстан осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2011 жылы қысқы Азия ойындарын өткізген. Алматы мен Астана қалалары қабылдаған. Сол кезде еліміздің басты газеті «Егемен Қазақстан» мынандай мақала жариялаған: «АЗИАДА – 2011: Бізге – бедел, басқаға – бәсеке!» деп аталады. Бірақ бұл жолы «бізге бедел болды» деп жазғандардың қарасы аз. Өйткені қазір спортты жақсы көретін жанкүйердің өзі мұндай жарыстың шығын екенін жақсы түсінеді.

2029 жылғы Азия ойындарын әу баста Сауд Арабиясының Неом қаласы қабылдамақ болған. Былтыр Қытай ресми түрде Олимпиада жалауын сол елге табыстаған. Алайда ақшасы көп арабтың өзі бір жылда бұл ойынан айнып қалды.

Қысқы Азия ойындарына, шыны керек, көпшіліктің қызығушылығы да аз. Сондықтан жарнама тарту да оңай емес. Соңғы Қытайдың Харбин қаласында өткен ақ Азиададан бес ел ғана жүлдемен қайтқан. Осыдан-ақ сары құрлықта қысқы спорт түрлері санаулы елде ғана дамығанын байқауға болады.

2011 жылы Қазақстан үшін Азия ойындарын қабылдау Олимпиада өткізумен пара-пар еді. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Азия ойындары ел үшін маңызды» деп мәлімдеді. Содан бері 15 жыл өтті. Қазақстан қаншама халықаралық жарысты қабылдады. Былайша айтқанда, мұндай бәсекелерге зәру емес.

Әлемде қаржылық қиындықтар болып жатқанда, шығынды көп қажет ететін жарысты ұйымдастыру кімге керек болғаны түсініксіз.

Мысалы, 2011 жылы Азиада өткізуге Қазақстан 1 миллиард 650 миллион доллар жұмсаған. «Азаттық радиосының» жазуынша, бұл елдің Азия ойындарын ұйымдастыруға жұмсаған қаржысы бұған дейін қысқы Олимпиада ойындарын өткізген елдердің (Италия, 2006 немесе Канада, 2010) шығынымен бірдей.

Үш ел қатысып, жүлдені өзара бөлісіп алды

Сол кездегі Азиаданы бәсекесі төмен дода деп сынағандар да жетерлік. Көптеген спорт түрлерінде Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея ең мықты спортшыларын әкелген жоқ. Шын мәнінде жоғары деңгейдегі бәсеке небәрі бірнеше спорт түрінде ғана болды.

Ерлер арасындағы хоккей жарысы тіпті күлкілі көрінді. Қатысушылардың арасында Қытай Тайбэйі, Малайзия, Бахрейн және Кувейт құрамалары болды. Жарысқа келген хоккейшілер конькиге кеше ғана тұрғандай әсер қалдырды.

Мысалы, Малайзия Бахрейнді 25:0 есебімен жеңді, ал Таиланд бахрейндіктердің қақпасына 29 шайба салды. Сол сияқты Қырғызстан да Бахрейнді 15:10 есебімен ұтты. Ал рекордты Қазақстан құрамасы орнатты: олар Қытай Тайбэйін 35:0 есебімен тас-талқан етті.

Бенди спортында одан да сұмдық абсурд болды. Турнирге бар болғаны үш құрама ғана қатысты – Қазақстан, Моңғолия және Қырғызстан. Алдымен олар өзара айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен ойнады. Қазақстан Қырғызстанды 21:0 есебімен жеңіп, Моңғолияны 17:0 есебімен ұтты.

Екінші орын алған Моңғолия Қазақстанға қарсы финалдық матчқа шықты, бірақ онда 2:16 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде үш құраманың үшеуі де жүлдегер атанды: Қазақстан – алтын, Моңғолия – күміс, ал Қырғызстан қола медаль иеленді.

Спорттық бағдарлау жарысында қатысушылардың жартысынан көбі шаңғышылар болды, оларға стартқа бірнеше күн қалғанда ғана бағдарлау ережелері түсіндірілген. Соның салдарынан кейбір спортшылар белгілерден шатасып, трассада адасып қалды да, мәреге шығатын жолды таба алмады.

Билеттің бағасы қағазға кеткен шығынды да ақтамады

2011 жылғы күлкілі жағдай мұнымен шектелмейді. Мысалы, билеттен түскен ақша қағазға кеткен шығынды да өтей алмады, яғни өндіріске 274 миллион теңге жұмсап, сатудан тек 244 миллион теңге пайда келді. Сонымен бірге жарыстар мен ел имиджін жарнамалауда ұйымдастырушылар сараңдық танытқан жоқ. Ресми деректер бойынша, жарыстар мен ел туралы имидждік роликтер мен деректі фильмдерді «Euronews» арнасында көрсеткені үшін 9,6 млрд теңге жұмсалған.

Жемқорлық және сот процестеріне ұласты

VII қысқы Азия ойындары (Азиада-2011) елдің халықаралық беделін көтеруді көздеген ең ірі имидждік жоба ретінде көзделгені жасырын емес. Алматы мен Астана қалаларында жаңа спорттық нысандар салынып, инфрақұрылым жаңартылды. Алайда бұл ауқымды шара қаржылық заңбұзушылықтар мен сот істерінсіз өткен жоқ.

2013 жылы Алматы қалалық қаржы полициясы Азиада дирекциясының басшысы Сұлтанбек Сыздықовтың 23 миллион теңгені өз пайдасына аударғанын анықтағанын хабарлады. Кейінірек бұл қаражат толықтай мемлекетке қайтарылғаны белгілі болды.

Қаржы полициясының мәліметінше, Сыздықов мемлекетке келтірілген шығынды өтегеннен кейін оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Сонымен қатар Алматы қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасы да өз арызын кері қайтарып алған. Сот екі тараптың татуласуына байланысты және оның алғаш рет жауапқа тартылғанын ескере отырып, істі тоқтатқан.

2012 жылы республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Азиада құрылыстары кезінде жоспардан тыс жұмыстар көбейіп, шығын көлемі ұлғайғанын мәлімдеді.

Бастапқыда Қазақстан Азиадаға арнап 7 спорт нысанын салуға 30 млрд 480 млн теңге бөлген. Алайда кейін бұл сома бірнеше есе өсіп, 132 млрд теңгеге дейін көбейген.

Бұл жағдай қоғам арасында үлкен сұрақ тудырды: қаржы неге күрт өсті және қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды?

2014 жылы Vlast.kz сайты Алматы қалалық қаржы полициясы Айдар Мусинге қатысты істі тергеп жатқанын хабарлаған. Ол Азиада дирекциясында телерадио хабар тарату және медиа технологиялар басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Тергеу барысында Мусин 2009 жылы өз бақылауындағы «Q-Service» ЖШС-ін ашқаны анықталған. Компанияны туыстарының атына тіркеп, нақты басқаруды өзі жүргізген. Бұл серіктестік Алматыдағы халықаралық шаңғы трамплиндері кешеніне телекоммуникациялық жүйелер жобалау және жабдықтау қызметтерін көрсету бойынша мердігер ұйымға айналған.

2009-2012 жылдар аралығында «Q-Service» шамамен 1,4 млрд теңге көлемінде қаржы алған. Алайда оның 600 млн теңгесі жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұрланғаны белгілі болды.

Айдар Мусин алаяқтық үшін 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Есеп комитеті тек ұрлық пен бюджет өсімі ғана емес, сонымен қатар Азиадаға сатып алынған құрал-жабдықтар мен салынған ғимараттардың дұрыс пайдаланылмағанын да атап өтті. Комитет мәліметінше, Азиада кезінде және одан кейін қолданылмаған нысандар мен жабдықтардың жалпы құны 10 млрд 282,1 млн теңге болған.

Мысалы, Алматыдағы шаңғы-биатлон стадионында құны 4 млрд 123,8 млн теңге тұратын теледидарлық жабдық мамандардың жоқтығына байланысты пайдаланылмаған. Яғни қымбат техника алынғанымен, оны іске қосатын кадрлар даярланбаған.

Мұндай жағдайлар Астана мен Алматыдағы бірнеше спорт кешенінде тіркелген. Атап айтқанда, «Медеу», «Қазақстан» мұз айдындары, Спорт сарайы және «Табаған» кешені бойынша да тиімділік мәселесі көтерілді.

Азиада нысандары кейін өзін-өзі ақтап, елге турист тартуы тиіс болған. Жоспар бойынша шетелдіктер келіп, қысқы спорт түрлерімен айналысып, жергілікті халық та спортқа көбірек бет бұрады деп күтілді.

Бірақ шындық басқаша болды. Мысалы, кейбір деректерге сүйенсек, тек Астанадағы велотректі ай сайын күтіп ұстау республикалық бюджетке орта есеппен 130 млн теңге, ал «Солдат сайындағы» шаңғы-биатлон стадионы 65 млн теңге шығын әкеледі.

Азиада-2011 Қазақстан үшін маңызды спорттық және имидждік жоба болғанымен, оның айналасында қаржылық ашықтық мәселелері, жоспардан тыс миллиардтаған шығын және жемқорлыққа қатысты істер қоғам сеніміне үлкен соққы болды.

Сұлтанбек Сыздықов ісі мемлекетке келтірілген шығын өтелген соң тоқтатылса, Айдар Мусинге қатысты іс нақты сот үкімімен аяқталды. Сонымен қатар Азиадаға арналған қымбат жабдықтардың пайдаланылмай қалуы және спорт нысандарын ұстауға кететін үлкен шығын бұл жобаның экономикалық тиімділігіне күмән тудырды.

Азиада нысандары елге пайда әкелуі үшін тек салып қана қоймай, оларды кейін тиімді пайдалану, мамандар даярлау және нақты даму жоспарын жасау қажет екені анық байқалды.

Олимпиада бұйырмады...

Азия ойындарын өткізген Қазақстан 2022 жылғы Олимпиаданы алмақшы болып ұмтылды. Қазір түрмеде отырған, сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған шенеуніктер: «Алматы 2022 жылы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдауы керек», – деді...

2015 жылы 31 шілде күні ХОК-тің Куала-Лумпурда (Малайзия) өткен кезекті сессиясында Мәсімов пен Ахметжан Есімов бастаған делегацияның жолы болмады. Алматы Бейжің қаласынан 4 дауысқа қалып қойды.

Олимпиада бұйырмады, есесіне 2017 жылы Қазақстан Универсиада өткізді. Спорт нысандарын салуға 442 млн доллар жұмсалса, ал жарысқа 51, 5 млн доллар кетті.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам