Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Регбиден әйелдер құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды

Бүгін, 14:23

Жерлестеріміз Гонконг құрамасымен шеберлік байқасты

Регбиден әйелдер құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды
Қазақстан регби федерациясы

Алматыда өткен регби-15-тен Asia Rugby Emirates Women’s Championship турнирі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан әйелдер құрамасы сәтті өнер көрсетіп, Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.

Турнирдің шешуші матчтарының бірінде жерлестеріміз Гонконг құрамасымен кездесіп, екінші орын тағдырын сарапқа салды. Кездесу басталған сәттен-ақ екі команда жоғары қарқын ұсынып, жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Қазақстандық регбишілер шабуылда да, қорғаныста да ұйымшыл ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласымен тең дәрежеде тайталасты.

Өте тартысты өткен матч 26:26 есебімен тең аяқталды. Дегенмен турнир регламентіне сәйкес есептелген қосымша көрсеткіштер бойынша Қазақстан құрамасы Гонконгтан басым түсіп, күміс жүлдеге ие болды.

Ал чемпиондық атақты Жапония құрамасы мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен еді. Азиядағы көшбасшы саналатын жапон регбишілері Қазақстан құрамасын 64:12 есебімен, ал Гонконгты 72:12 есебімен ірі айырмамен жеңді.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы соңғы жылдары құрлықтық деңгейде тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Алматыдағы турнир де ұлттық құраманың әлеуетін айқын аңғартты. Өз жанкүйерлері алдында сәтті өнер көрсеткен отандастарымыз Азиядағы үздік командалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам