Тіпті, қазақстандық Надежда Морозовадан да қалып қойды
Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында конькимен жүгіруден әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта үш жыл бұрын Ресейден келген легионер Елизавета Голубева жүлдеге жақындай алмады.
Ол 4:03.300 уақыт көрсеткішімен оныншы орынға тұрақтады. Тіпті, қазақстандық Надежда Морозовадан да қалып қойды. Отандық спортшы алтыншы орынға тұрақтады.
Елизавета Голубева Ресейде жүргенде әлем чемпионаттарынан жүлде алған. Қазақстанға келгелі еш нәтиже көрсете алар емес. Өзі шама-шарқым осы деп отыр.
«Жарыс кезінде мұздың сапасы өзгергенін анық байқадым. Жылынып жатқан сәтте ол тайғақ болды. Ал негізгі жарыс басталғанда мұз үстінде сырғанау ауырлап, конькиді ұстап тұрғандай әсер қалдырды. Бұған температураның едәуір көтерілуі себеп болған шығар, айдынның іші де жылып кетті. Соған қарамастан, көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Бұрын мұндай деңгейде жүгіріп көрмеппін. Дайындық жоғары деңгейде өтіп, жарыс алдында бабыма келдім. Бұл – маусымдағы ең маңызды жарыс, бапкеріміз бізді өте сауатты дайындады. Жүктемені дер кезінде азайтып, бабымызға енуге жағдай жасады.Жалпы алғанда, бәрі сәтті өтті деп ойлаймын. Өмірімде алғаш рет жарыстан кейін өзімді кінәламадым. Қашықтық бойы не істеп жатқанымды анық түсініп, бар күшімді дұрыс жұмсадым. Бұл – қазіргі деңгейімнің шегі екенін де сездім. 3000 метрде нәтижені қалай жақсартуға болатынын дөп басып айту қиын, бәлкім, сәл өзгеше дайындық қажет болар», - дейді Голубева.
Айта кетейік, спортшы Қазақстан азаматтығын 2023 жылы Ресей халықаралық шеттетілген соң алған еді.