Яна Хан жарыс барысында құлап, мәреге төртінші болып жетті
Италияның Милан қаласында шорт-тректен жарыстар басталды. Әйелдер арасындағы 500 метр қашықтықта Қазақстан құрамасынан Ольга Тихонова мен Яна Хан бақ сынады.
Алдын ала кезеңде отандастарымыз өз топтарында соңғы орын алды. Яна Хан жарыс барысында құлап, мәреге төртінші болып жетті. Осылайша, Тихонова мен Хан 500 метр қашықтықта жүлде үшін күресті жалғастыра алмады.
Яна Хан төртінші топта өнер көрсетті. Оның қарсыластары – екі дүркін әлем чемпионы және үш дүркін Еуропа чемпионы, нидерландтық Михелле Велзебур, Италия атынан сынға түскен екі дүркін Олимпиада чемпионы Арианна Фонтана және Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, франциялық Беренис Комби болды. Жарыс қорытындысы бойынша Велзебур бірінші, Фонтана екінші, Комби үшінші орын алды. Ал Яна Хан құлауына байланысты төртінші болып қалды.
Ал Ольга Тихонова өз жарысын Олимпиада чемпионы-2022 Ксандра Велзебур (Нидерланд), Еуропа чемпионы-2025 Кьяра Бетти (Италия) және хорватиялық Валентина Ашчичпен бірге өткізді. Бұл сында қазақстандық спортшы төртінші орынға тұрақтап, келесі кезеңге өте алмады.
Ережеге сәйкес, әр топтан алғашқы екі орын алған спортшылар тікелей ширек финалға жолдама алады. Сондай-ақ үшінші орын иегерлері арасынан ең үздік уақыт көрсеткен төрт спортшы келесі кезеңге өтеді.