Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

ХОК «Естелік шлем» киген украиналық спортшыны Олимпиададан шеттетті

12.02.2026, 16:54

Ол ескертулерді елемеген көрінеді. 

ХОК «Естелік шлем» киген украиналық спортшыны Олимпиададан шеттетті
AP Photo

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) украиналық скелетоншы Владислав Гераскевичті Олимпиада-2026 ойындарына қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Бұған спортшының жаттығу кезінде қаза тапқан әріптестерінің суреттері бейнеленген дулығамен шығуы себеп болды.

ХОК бұл әрекетті Олимпиадалық хартияның 50.2-бабына қайшы деп бағалады. Аталған бапқа сәйкес, Олимпиада нысандарында және жарыс өтетін аумақтарда саяси, діни немесе нәсілдік сипаттағы кез келген символика мен насихатқа тыйым салынады.

Гераскевич бұл дулығаны ресми жаттығулар барысында бірнеше рет пайдаланған. Алдын ала жасалған ескертулерге қарамастан, спортшы өз ұстанымынан бас тартпаған. Сол себепті ХОК оны жарысқа жібермеу туралы шешім қабылдап, украиналық атлет стартқа шыға алмады.

Спортшының айтуынша, дулығадағы бейнелер – саяси үндеу емес, соғыс кезінде қаза тапқан спортшыларды еске алу белгісі. Бұл ұстанымды Украина президенті Владимир Зеленский де қолдап, дулығаны «еркіндік жолындағы күрестің бағасын еске салатын символ» деп атады.

Дүйсенбі күні Украина Ұлттық олимпиадалық комитеті Италиядағы Олимпиада ойындарының ұйымдастырушыларына ресми өтініш жолдап, Гераскевичке аталған дулығаны киюге рұқсат беруді сұраған.

Украина тарапы дулығаның қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін және ХОК ережелерін бұзбайтынын алға тартты. ҰОК мәлімдемесінде дулығада жарнама, саяси ұран немесе кемсітушілік сипаттағы элементтер жоқ екені, сондай-ақ оның ресми жаттығулар кезінде талаптарға сай деп танылғаны атап өтілді.

Алайда сейсенбі күні ХОК-тің ресми өкілі Марк Адамс баспасөз мәслихатында бұл көзқараспен келіспейтінін мәлімдеді.

ХОК спортшылардың соғыс кезінде қаза тапқан достарын еске алуға деген ниетін толық түсінеді. Владислав бұл сезімін жаттығу барысында да, әлеуметтік желілерде де білдірді, – деді Адамс.

Комитет Гераскевичке қаза тапқандарды еске алу белгісі ретінде қара жапсырма (қара таңғыш) тағуға рұқсат берген.

Біздің ойымызша, бұл – жақсы әрі орынды компромисс, – деген болатын ХОК өкілі.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам