Гүлшарат Жұбаева «Келін», «Сіз кімсіз, К мырза» фильмдерінде басты рөлді сомдаған
Елімізге белгілі актриса Гүлшарат Жұбаева бапкерлік бағытқа бет бұрды. Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желіде жазба жариялап, таэквондодан жаттықтырушы қызметіне кіріскенін мәлімдеді.
Алматыда ашылған спорт үйірмесінде 5–15 жас аралығындағы қыз балаларға шығыс жекпе-жегі үйретіледі. Көпшілікке кино өнері арқылы танылған әртіс енді бапкер ретінде бұрымды қыздарды жекпе-жек өнеріне баулуға шындап кіріскенін атап өтті.
«Қыз балаға спорт не керек?» деп ойлайтындар өте көп. Өз басым таэквондодан көп пайда көрдім. Тіпті кей фильмдерге іріктеуден өтуіме төбелесе білуім мен атқа шаба алуым өз септігін тигізді. Қазір спортқа қайта оралып, жаттықтырушы ретінде таэквондодан қыздар клубын жасақтап жатырмын. 5 жастан 15 жасқа дейінгі қыздарды қабылдаймыз», – деп жазды Гүлшарат Жұбаева.
Гүлшарат Жұбаева көрерменге «Келін», «Сіз кімсіз, К мырза» сынды көркем фильмдер арқылы кеңінен танылған. Аталған кинотуындыларда ол басты рөлдерді сомдады. Әсіресе, «Келін» кинотуындысындағы (2008 жыл) образы қоғамда қызу талқыланып, ащы сынға ұшыраған еді.
Кейін өнер иесі тұрмыс құрған соң кинодан уақытша қол үзіп, кәсіпкерлікке бет бұрды.