Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Түркістан облысында көкпардан кейін жас жігітті 30 адам жабылып тепкілеген

Бүгін, 08:58

Куәгерлердің сөзінше, жігіт ес-түссіз жатқан сәтінде де басынан тепкіленген

Түркістан облысында көкпардан кейін жас жігітті 30 адам жабылып тепкілеген
видеодан кадр

Түркістан облысында өткен көкпар ойынынан кейін 20 жастағы жігіттің бір топ адамның қолынан ауыр соққыға жығылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Оқиға Сайрам ауданында болған. Жәбірленуші ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен.

Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, жанжал күндіз көкпар барысында басталған. Ал кешке қарай жігітті күдіктілер «сөйлесуге» шақырып, мектеп маңына алып келген. Сол жерде оны 25-30 адамнан тұратын топ жабылып ұрып-соққан.

Куәгерлердің сөзінше, жігіт ес-түссіз жатқан сәтінде де басынан тепкіленген. Оқиға орнында түсірілген бейнебақылау камераларының жазбасында көп адамның бір адамды қоршап алып, соққыға жыққаны анық байқалады.

Туыстарының айтуынша, соққыға жығылған азаматты белгісіз адамдар оқиғадан кейін елсіз жерге апарып тастап кеткен. Жәбірленуші тек екі сағаттан соң табылған. Ол шамамен бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Қазіргі таңда палатаға ауыстырылғанымен, жақындарының мәліметінше, жігіт толық сөйлеп, куәлік беруге әлі қауқарсыз.

Түркістан облыстық Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 7 ақпан күні Сайрам аудандық ауруханасына дене жарақатымен жергілікті тұрғын жеткізілгені туралы хабарлама түскен.

«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, барлық қажетті шаралар жүргізілді. Қақтығысқа қатысушылар мен куәгерлер анықталды. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаменті.

Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде екі жергілікті тұрғын күдікті ретінде ұсталған.

«Сот шешімімен ұсталғандарға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сонымен қатар жәбірленуші туыстарының айтқан уәждері де тексерілуде», – делінген ресми ақпаратта.

Дәрігерлер жігіттің жағдайы тұрақталғанын хабарлаған. Қазіргі таңда ол медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр және дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары күдіктілердің әділ әрі қатаң жазалануын талап етуде.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам