Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Бұл менің төртінші Олимпиадам еді…». Абзал Әжіғалиев жанкүйерлерден кешірім сұрады

Бүгін, 08:44

Әр Олимпиадаға келгенде медаль алып, халықты қуанту –басты арманым

«Бұл менің төртінші Олимпиадам еді…». Абзал Әжіғалиев жанкүйерлерден кешірім сұрады
Сали Сабиров/ҰОК

Италияның Милан қаласында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасында шорт-тректен 500 метрге жүгіру жарысы аяқталды. Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжғалиев ширек финал кезеңінде жарысты тоқтатты. Бәсекеден кейін ол БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, жарыс барысы мен нәтижесіне қатысты пікір білдірді.

«Барымды салдым. Бәсекелестік өте жоғары болды. Старттағы позициям екінші болды. Сол сәтте тактика бойынша екінші орында келіп, сол орынды сақтап қалғым келді. Себебі екі спортшы келесі кезеңге өтеді. Бірақ нидерландтық қарсыласым өте жылдам жүрді, ал менің жылдамдығым оны басып озуға жеткіліксіз болды», - деді Абзал.

Спортшының айтуынша, арт жағынан қысым күшейіп, шешуші сәтте италиялық спортшы күтпеген жерден озуға әрекет жасаған.

«Артымнан үш спортшы қуып келе жатты. Соның ішінде жергілікті италиялық спортшы болды, көрермендер де оны қатты қолдап отырды. Ол мені барынша озуға тырысты. Мен оны жабуға үлгермедім. Сол кезде оны ережені бұзып, итеріп өтті деп ойлап, төрешілер пенальти береді деп күттім. Бірақ өкінішке қарай, олай болмады. Тактикам жұмыс істемей қалды, нәтижесі осындай болды»,- деді ол.

Абзал Әжғалиев жарыстан кейін көңілі түсіп тұрғанын жасырмай, Қазақстан жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

«Әрине, қатты ренжідім. Себебі қазір көптеген қазақстандық ұйықтамай, бізді көріп отыр. Барлық қолдауларыңыз үшін рахмет. Осы Олимпиадада елдің қолдауы ерекше сезілді. Үйден жанкүйерлік жасап отырған халықтың энергиясы мотивация берді. Мен бүгін жауапкершілікті сезініп, барынша дайын болып шықтым. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым, - деді спортшы.

Сондай-ақ ол жанкүйерлерден кешірім сұрап, бұл Олимпиадада медаль алуды мақсат еткенін айтты.

«Бұл менің төртінші Олимпиадам. Әр Олимпиадаға келгенде медаль алып, халықты қуанту –басты арманым. Өкінішке қарай, бүгін ол орындалмады. Барлық отандастарымнан кешірім сұраймын, – деді ол.

Абзал Әжғалиев Қазақстанда шорт-тректің дамуына қатысты да ойын айтып, жас спортшылардың көбейіп келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Бұл Олимпиадаға дейін жолым өте қиын болды. Мен мұнда еңбектің арқасында келдім. Біз шорт-тректі Қазақстанда бір деңгейге көтердік деп ойлаймын. Бұрын бізді ешкім танымайтын, енді Олимпиадада елді қуантқымыз келеді. Қазақстан – қысқы ел, барлық мүмкіндік бар. Болашақта бізде бәсеке күшейіп, менің орнымды басатын жастар өсіп шықса деймін. Егер менің жолым балаларға мотивация болып, олар осы спортқа келсе, онда менің еңбегім еш кетпегені», – деп түйіндеді спортшы.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам