Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Ажырасу – таңба емес»: Сабина Алтынбекова кликбейт тақырып үшін басылымнан кешірім сұрауды талап етті

Бүгін, 09:27

Ол ресми түрде кешірім сұрауды талап еткен. 

«Ажырасу – таңба емес»: Сабина Алтынбекова кликбейт тақырып үшін басылымнан кешірім сұрауды талап етті
instagram.com/altynbekova_20

Қазақстандық танымал волейболшы Сабина Алтынбекова өзіне қатысты кейбір БАҚ-та шыққан материалдардың тақырыптарына наразылығын білдірді. Атап айтқанда, спортшыға жеке өміріне қатысты мәліметтердің кликбейт сипатта берілуі ұнамаған. Сол себепті ол sport.orda.kz редакциясына ашық түрде қоғамдық талап жолдады.

Алтынбекованың айтуынша, аталған басылымда оның отбасылық жағдайы «ажырасқан» деген бір ғана сөзбен айшықталып, негізгі тұлғалық және кәсіби болмысы көлеңкеде қалған.

«Бір ғана сөзді бәріне тықпалауға тырысу – не деген ерекшелік. «Ажырасқан». Спортшы емес. Әйел емес. Тұлға емес. Тек – «ажырасқан». Ал ажырасу – таңба емес, бұл – өмірдің бір кезеңі. Мен – әйелмін. Мен – анамын. Мен – кәсіби маманмын.

Қазақстан әйелдері өзгенің сценарийімен өмір сүруге міндетті емес. Біз өз өмірімізді таңдауға құқылымыз. Жапсырмасыз, қысымсыз, кемсітусіз!» – деп жазды Сабина әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, спортшы ресми мәлімдеме жасамай тұрып-ақ Threads әлеуметтік желісінің қолданушылары да мұндай тақырыптардың орынсыз екенін атап өткен болатын.

Сонымен қатар Сабина Алтынбекова редакцияға жолдаған ресми шағымының мәтінін де жариялады.

«19.02.2026 жылғы талап-арыз

@ordakazakhstan (Orda sport, «Спортивная Орда») платформасында мен туралы ақпарат жарияланып, онда менің отбасылық жағдайым «ажырасқан» деп бірнеше рет атап өтілген.

Мен жеке өміріме қатысты мәліметтердің таралуына келісім берген жоқпын. Мұндай ақпарат беру формасы кемсітушілік сипатқа ие және Қазақстан Республикасының заңнамасымен, соның ішінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңымен кепілдік берілген ар-намысым мен қадір-қасиетіме, жеке өмірге қолсұқпаушылық құқығыма нұқсан келтіреді.

Осыған байланысты ТАЛАП ЕТЕМІН:

Жеке өміріме қатысты мәліметтерді алып тастау немесе материалды редакциялау.

7 күн ішінде ресми кешірім (немесе теріске шығару) жариялау.

Талаптардың орындалғаны жөнінде маған жазбаша хабарлау.

(sabina.manager@gmail.com)

Белгіленген мерзімде талаптарым орындалмаған жағдайда, өз құқықтарымды қорғау және моральдық зиянды өндіру мақсатында сотқа жүгінуге мәжбүр боламын».

Спортшы бұл мәлімдемесі арқылы жеке өмірге құрметпен қарау, әйел мәртебесін бір ғана анықтамамен шектеуге жол бермеу мәселесін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам