Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Тбилиси Гранд Слэмі: Қазақстан 2 жүлдемен жарысты аяқтады

22.03.2026, 15:44

Балуандар соңғы жарыс күнінде жүлдеге іліне алмады

Тбилиси Гранд Слэмі: Қазақстан 2 жүлдемен жарысты аяқтады
IJF

Грузия астанасында өтіп жатқан Гранд Слэм бәсекесінде Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары соңғы жарыс күнін сәтсіз аяқтады.

Татамиге шыққан отандық спортшылар алғашқы айналымнан өткенімен, екінші кезеңде жаппай жеңіліп жатты.

-90 келіде Барақ Арқабай жарысты екінші айналымнан бастағанымен, эстониялық Клен Кристофер Кальюлайдқа жол беріп, жүлдеден тыс қалды. Ал -100 келіде Бағжан Байтас алғашқы айналымда грузия балуаны Николоз Заалишвилиден басым түсті. Бірақ  екінші белдесуінде украиналық Ярослав Давидчукқа қарсы қауқар татытпады.

Аталған салмақта татамиге шыққан Бейбіт Мадиев Венгрия өкілі Зомбор Вегті жеңіп қуантқан еді. Өкінішке қарай, келесі кезеңде сербиялық Дарко Брасньовичтен айласын асыра алмады.

Ұлттық құрама бапкерлері аса ауыр салмақта қызылордалық Еламан Ерғалиевке сенім артқан болатын. +100 келіде татамиге шыққан балуанымыз алғашқы айналымда Грузия балуаны Гела Заалашвилиді жарыс жолынан шығарды. Алайда екінші белдесуде Әзірбайжан балуаны Джамал Гамзатхановтан кезекті рет жеңілді. Ерғалиев әзірбайжандық спортшымен 1 наурыз күні Ташкент Гранд слэмінің жұбаныш белдесуінде күресіп, мүмкіндігін мүлт жіберген-тін.

Қазақстан дзюдошылары Грузия бәсекесінде 1 алтын, 1 қола жүлде иеленді. Оның ішінде Нұрқанат Серікбаев 66 келіде топ жарса, 60 келіде Талғат Орынбасар қола жүлдеге қол жеткізді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам