Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Үздік маусымым»: Софья Самоделкина әлем чемпионатындағы көрсеткішін жақсартты

Бүгін, 09:57

Біріншілік Прагада өтіп жатыр.

«Үздік маусымым»: Софья Самоделкина әлем чемпионатындағы көрсеткішін жақсартты
ҚР ҰОК

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Прагада (Чехия) өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатын 12-орынмен аяқтады. 

Әлем біріншілігінде Қазақстан намысын Софья Самоделкина мен Диас Жиренбаев қорғады. Ал Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бұл турнирге қатысқан жоқ.

Самоделкина еркін бағдарламада 120,58 ұпай жинап, екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 187,53 ұпаймен жалпы есепте 12-сатыға тұрақтады. Былтыр ол әлем чемпионатында 14-орын алған болатын.

Әлем чемпионы атағын жапониялық Каори Сакамото осымен төртінші рет жеңіп алды. 25 жастағы саңлақ 238,28 ұпай жинап, мансабын аяқтады. Күміс жүлде тағы бір жапониялық Монэ Тибаға (228,47) бұйырса, бельгиялық Нина Пинцарроне 215,20 ұпаймен қола медаль иеленді.

Жарыстан кейін Софья өз өнеріне баға беріп, маусымды сәтті өткізгенін айтты.

«Өзімді жақсы сезінемін, бірақ еркін бағдарламаға аздап көңілім толмай тұр. Мен ойлағандай шықпады. Жаттығуда бұдан жақсы сырғанаған едім. Бапкерім мұның өз себептері бар екенін айтты. Жарақатым әлі де мазалап жүр, сондықтан толыққанды жаттыға алмадым. Күніне бір жарым сағаттай ғана дайындалдым, себебі тіземе күш түсірмеуге тырыстым. Енді үйге барып, толық қалпыма келіп, жақсылап демалғым келеді», - деді Самоделкина In the Loop-ке берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол бұл маусымды өзінің ең сәтті кезеңдерінің бірі ретінде бағалады.

«Биылғы маусым мен үшін өте жақсы өтті. Иә, жарақаттар да, қиын сәттер де болды, соған қарамастан бұл - менің ең үздік маусымым. Келесі маусым бұдан да сәтті болады деп сенемін. Қазір отбасымды, достарымды, иттерімді көргім келеді. Біраз демаламын, басқа елге барып қайтатын да шығармын», - деп түйіндеді қазақстандық спортшы.

Ал ерлер арасындағы сында Диас Жиренбаев қысқа бағдарламада 35-орын алып, еркін бағдарламаға өте алмады. Бұл сында қысқа бағдарламадан кейін көш басында америкалық Илья Малинин тұр. Ерлер арасындағы финал 28 наурызда өтеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам