Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Дзюдошы Данияр Шамшаев Еуропа кубогында топ жарды

29.03.2026, 15:35

Жарысқа 32 елден 305 балуан жиналды

Дзюдошы Данияр Шамшаев Еуропа кубогында топ жарды
olympic.kz

Хорватияның Дубровник қаласында дзюдодан ересектер арасында өтіп жатқан Еуропа кубогында Қазақстан дзюдошылары 3 жүлде иеленді. 

Ерлер арасында Данияр Шамшаев 73 келіде чемпион атанса, Дамир Болатбеков (60 келі) күміс медаль иеленді. Ал әйелдер арасында Толқын Тұрсынақынова (+78 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.

Данияр Шамшаев іріктеу кезеңінде Хорватия, Аустрия және Венгрия балуандарынан басым түсті. Жартылай финалда отандық татами шебері тағы бір венгр спортшысы Адам Калацтан айласын асырса, финалда франциядық Максим Гобертті қапы қалдырды.

60 келіде күрескен Дамир Болатбеков іріктеу сынында Венгрия және Түркия балуандарын жеңді. Жартылай финалда түрік спортшысының алдын орап, финалда мексикалық Эдуардо Сагастегиден жеңілді. 

Әйелдер арасында ауыр салмақта қола жүлде алған Толқын Тұрсынақынова жарысты ширек финалдан бастап, Хорватия өкілі Леона Никетичтен қиналмай өтті. Алайда жартылай финалда молдовалық Оксана Диаценкоға қарсы қауқар таныта алмады. Қола жүлде үшін күресте отандасымыз хорват қызы Стелла Ловаковичпен күресіп, жеңіске жетті.

Айта кететін жайт, Еуропа кубогының кезекті бәсекесіне 32 елден 305 татами шебері жиналды. Қазақстан құрамасы аталған сынға толық құраммен барған жоқ. Құрлықтың ашық кубогында чемпион атанған Данияр Шамшаев 2024 жылы Париж Олимпиадасында сынға түскен еді. Спортшы төртжылдықтың басты ойындарынан кейін араға ұзақ уақыт салып халықаралық бәсекеде топ жарып отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам